Астаналық әйел TikTok-тағы тікелей эфирі үшін айыппұл арқалады
Астана тұрғыны TikTok әлеуметтік желісіндегі тікелей эфир кезінде балағат сөздер айтқаны үшін ірі көлемде айыппұл арқалады. Сот әйелдің әрекетін ұсақ бұзақылық деп таныды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотында қала тұрғынына қатысты іс қаралды.
Сот мәліметінше, әйел TikTok-та тікелей эфир жүргізу кезінде былапыт сөздер айтып, әлеуметтік желі қолданушылары мен айналасындағыларға құрметсіздік танытқан. Осылайша, ол қоғамдық тәртіп пен жалпыға ортақ мінез-құлық нормаларын бұзған.
Сот отырысында азаматша кінәсін мойындап, бұған дейін әкімшілік жауапкершілікке тартылмағанын айтқан. Сондай-ақ тағайындалған айыппұлды төлеуге дайын екенін жеткізген.
“Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігіне сәйкес, ұсақ бұзақылық жасағандарға 20 АЕК көлемінде айыппұл салу, 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу немесе 20-дан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы қарастырылған. Сот шешімімен әйел аталған құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 20 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) мөлшерінде айыппұл салынды”, – делінген ақпаратта.
Айта кетейік, сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, осыған дейін Талдықорғанда TikTok-тағы тікелей эфирде балағат сөз айтқан 18 жастағы қыз айыппұл арқалағанын жазғанбыз. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында құқықбұзушылықты анықтаған. Ол тікелей эфир кезінде әдепсіз сөздер айтып, айналасындағыларға құрметсіздік көрсеткен.
Алматының жолдарын жөндеуге қанша қаражат жұмсалды: Миллиардтаған теңгені қай компаниялар алып жатыр
