TikTok желісінде балағат сөз айтқан үш шымкенттік қыз қамауға алынды
TikTok-та тікелей эфирге шығып, боқтық сөз айтып, кальян шеккен үш шымкенттік бойжеткен полицияның назарына ілікті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Шымкентте TikTok желісіндегі тікелей эфирде қоғамдық тәртіп пен әдеп нормаларын бұзған үш бойжеткен жауапқа тартылды. Олар эфир барысында былапыт сөз айтып, кальян шегіп, әдепсіз қылықтар көрсеткен.
Полиция құқықбұзушылықты әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг кезінде анықтаған. Оқиғадан кейін 18, 19 және 20 жастағы үш қыз көңіл көтеріп отырған жерінен полиция бөліміне жеткізілген.
Оларға "Ұсақ бұзақылық" бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сот шешімімен бойжеткендердің екеуі бес тәулікке әкімшілік қамаққа алынса, үшіншісіне айыппұл салынды.
Еске салайық, бұған дейін TikTok-та лайк үшін шектен шыққан треш-стримерлер полицияның назарына іліккені хабарланған еді. Ел бойынша 20-дан астам блогер мен стример әкімшілік жауапкершілікке тартылып, кейбірі бірнеше тәулікке қамауға алынды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, блогерлер көп лайк пен донат жинау үшін түрлі әрекеттерге барған. Қауіпті пранктер ұйымдастырып, балағат сөздер айтып, әдепсіз әрекеттер көрсеткен.
- Шымкент қаласының 48 жастағы тұрғыны Ербол Дүйсенбаев TikTok желісіндегі тікелей эфир барысында бейәдеп сөздер қолданған. Сот шешімімен ол 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
- Талдықорған қаласының 44 жастағы тұрғыны Гүлмира Қасенова TikTok-тағы тікелей эфир кезінде қоғамдық тәртіпті бұзып, балағат сөздер айтқан.
Одан бөлек өзге де блогерлерге айыппұл салынған.