Дәрігер тіс эмалін біртіндеп жоятын пайдалы өнімдерді атады
Терапевт-стоматолог Людмила Березина ескерусіз тұтыну тіс эмаліне зиян келтіруі мүмкін пайдалы өнімдерді атады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lenta.ru басылымына сілтеме жасап хабарлайды
Дәрігердің айтуынша, ең алдымен цитрус жемістеріне назар аудару керек. Олардың қатарына лимон, апельсин, грейпфрут және осы жемістерден жасалған шырындар жатады.
“Цитрус жемістерінің құрамында органикалық қышқылдар бар. Олар тіспен ұзақ уақыт жанасқан жағдайда эмаль қабатын біртіндеп жұқартуы мүмкін. Әсіресе лимон қосылған суды жиі ішу, цитрус жемістерінің бір бөлігін ауызда ұзақ ұстау немесе оны сорып жеу зиян”, – дейді маман.
Дәрігер тұтас жемісті жеген шырын ішкенге қарағанда қауіпсіздеу екенін атап өтті. Себебі жемісті тезірек жеп қояды, ал шайнау процесі мен сілекей қышқылдың тіспен жанасу уақытын қысқартуға көмектеседі.
Стоматолог тіс үшін күтпеген жерден зиянды болуы мүмкін тағы бір өнім ретінде кептірілген жемістерді атады. Оның сөзінше, мейіз, кептірілген өрік, құрма және кептірілген мүкжидектің құрамында қант мөлшері жоғары. Сонымен қатар олардың жабысқақ құрылымы бар. Соның салдарынан жеміс қалдықтары тістердің арасында және шайнау бетінің табиғи ойықтарында ұзақ уақыт қалып қоюы мүмкін.
Людмила Березина сірке суы қосылған өнімдерді де жиі тұтыну тіс эмаліне кері әсер ететінін ескертті. Олардың қатарына маринадталған көкөністер, кейбір салат тұздықтары, соустар және денсаулыққа пайдалы деген мақсатпен ішілетін алма сірке суы жатады.

Дәрігердің түсіндіруінше, сірке қышқылының тіспен үнемі жанасуы эмальдің эрозияға ұшырау қаупін арттырады.
Бұған дейін дәрігер тіс күтімі кезінде жіберілетін қателіктерді тізіп айтқан еді. Маманның айтуынша, ең жиі кездесетін қателіктің бірі – тамақтан кейін бірден тісті тазалау. Себебі бұл тіс эмаліне зиян келтіруі мүмкін. Оның орнына дәрігер тамақтан кейін ауызды сумен шайып, тағам қалдықтарын тіс жібімен тазартуға кеңес береді. Ал тісті кемінде 30 минут өткен соң жуған дұрыс, дейді.
"Балалардың қызуы 40°C-қа дейін көтеріліп, ауруханаға түсіп жатыр": Алматыда қандай инфекциялар таралып жатқаны белгілі болды