Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда жоғалып кеткен екі ер адамның мәйіті табылды: Марқұмның бірі жыл бойы іздеуде болған

адам жоғалу мәйіт
Фото: instagram.com/volontery_lider.kz_almobl

Алматыда із-түзсіз жоғалып кеткен екі ер адамның мәйіті табылды. Олардың бірі бір жылға жуық уақыт бойы іздеуде болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

1985 жылы туған Мұрат Байтуов 17 қарашада жоғалып кеткен. Ол таңертең ерте Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласындағы Екінші саяжай аумағында орналасқан "Ветеран-10" ПКСТ, Набережная көшесі, 77-үйдегі мекенжайынан шығып, қайта оралмаған.

Бірнеше күннен кейін, 21 қарашада ер адамның мәйіті табылған. Оның өлімінің нақты себебі тергеу барысында анықталады.

адам мәйіт жоғалу
Фото: instagram.com/volontery_lider.kz_almobl

Ал 1971 жылы туған Қалдыбай Сейсекович Берінбетов 2025 жылғы 8 қарашада жоғалып кеткен. Сағат 10:00 шамасында ол Алматы қаласы Алатау ауданындағы Өскемен көшесі, 7-үйдегі мекенжайынан шығып, содан кейін хабар-ошарсыз кеткен.

Еріктілердің мәліметінше, ер адамның мәйіті биыл 20 қарашада, яғни жоғалғанына бір жыл өткен соң табылған. Қазір оның өліміне қатысты мән-жайлар анықталып жатыр.

адам мәйіт жоғалу (1)
Фото: instagram.com/volontery_lider.kz_almobl

Еске салайық, Ирина Керн 20 қыркүйекте жоғалып кеткен. Сол кезде әйелдің күйеуімен жанжалдасып, үйден шығып кеткені хабарланған еді. Қалада оны іздеу жұмыстары кең көлемде жүргізілді. Еріктілер мен әскери қызметкерлер иттердің көмегімен орман алқаптарын, саяжай аумақтары мен зираттарды түгел тексерген. Алайда іздеу нәтижесіз аяқталды.

Мәліметке сәйкес, бөлшектелген дене қалдықтары қаладан 22 шақырым жердегі, күдікті от жағушы болып жұмыс істеген шипажай аумағынан табылған. Марқұмның артында үш баласы қалды. Кенжесі небәрі үш жаста.

Айым Болатқызы
Жексенбі, 22 Қараша, 2026 14:47