Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Эль-Ниньо әсерінен әлемдегі азық-түлік тапшылығы болуы мүмкін: Тоқаев мұны Қазақстан үшін мүмкіндік деп бағалады

президент
Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Эль-Ниньо табиғи құбылысына байланысты әлемде азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты болжамдар көңіл көншітпейді. Алайда Тоқаев бұл жағдай Қазақстанға экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашуы мүмкін екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, ауыл шаруашылығына жасанды интеллект енгізу арқылы еліміз алға шығып, әлемдік деңгейдегі азық-түлік базасына айнала алады. Бұл туралы ол Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында мәлімдеді.

Әлемдегі өнім тапшылығы жағдайында Қазақстан жасанды интеллектіге басымдық береді

Мемлекет басшысының айтуынша, жақында жетекші әлемдік жасанды интеллект компанияларының басшыларымен кездесулер барысында Қазақстанға аграрлық секторды цифрландыруға басымдық беру ұсынылған. Бұған климаттың өзгеруі мен Эль-Ниньо құбылысының әсерінен әлемдегі азық-түлік балансына қатысты алаңдатарлық болжамдар себеп болған.

"Қазір Эль-Ниньо сияқты табиғи құбылыстың салдарын кешенді талдау жүргізіліп жатыр. Айта кету керек, болжамдар көңіл көншітпейді. Бірақ Қазақстанның осы жағдайды пайдаланып, ауыл шаруашылығына жасанды интеллект енгізу арқылы алға шығып, әлемдік деңгейдегі азық-түлік базасына айналуына үлкен мүмкіндік бар", – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент отандық агроөнеркәсіп кешенінің қазіргі өнімділігі көңіл көншітпейтінін айтты. Сондықтан үкіметке жасанды интеллект ауыл шаруашылығының тиімділігін бірнеше есе арттыру үшін қандай мүмкіндіктер беретінін жүйелі түрде зерттеу тапсырылды.

Эль-Ниньо деген не?

Эль-Ниньо – Тынық мұхитының беткі суларының мерзімді түрде қалыптан тыс жылынуымен сипатталатын табиғи құбылыс. Ол әлемнің әртүрлі аймақтарында ауа райының өзгеруіне әсер етеді. Кейбір елдерде жойқын құрғақшылық туғызса, басқа өңірлерде су тасқынына әкелуі мүмкін. Соның салдарынан әлемдік егін өнімділігі төмендеп, азық-түлік бағасы қымбаттауы ықтимал.

Фермерлерге бюрократиясыз жылдам несие беріледі

Аграрлық кәсіпкерлер шаруашылықтарын жаңа талаптарға сай жаңғыртуы үшін мемлекет басшысы өтініш беруден бастап қаражат алуға дейінгі процесті қысқартуды тапсырды. Осы мақсатта елімізде фермерлердің несие қабілетін бағалаудың цифрлық моделін енгізу жоспарланып отыр. Биліктің жоспарына сәйкес, жаңа цифрлық құрал несие беру туралы шешімдердің объективті әрі ашық қабылдануына мүмкіндік береді. Сонымен қатар өтінімдерді қарау мерзімін едәуір қысқартып, ауылдағы кәсіпкерлер үшін артық әкімшілік кедергілерді жоюға көмектеседі.

Бұған қоса, үкіметке халықаралық қаржы институттарымен бірлесіп, әлемдік тәжірибеге сүйенген саланы дамыту бағдарламасын әзірлеу тапсырылды. Бағдарлама фермерлерді ұзақ мерзімді қаржыландырумен, сараптамалық қолдаумен және озық ғылыми әзірлемелерге қолжетімділікпен қамтамасыз етуі тиіс.

Қазақстандық фермерлердің бірқатары несиесін уақытында өтеу үшін жиналған өнімін арзан бағаға сатуға мәжбүр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай жағдайды қолайсыз деп атап, ауыл шаруашылығын қаржыландыру жүйесін қайта қарау қажеттігін айтты.

Мемлекет басшысының сөзінше, аграршыларды қаржыландырудың қазіргі тетіктері күрделі. Атап айтқанда, өтінімдерді қарау мерзімінің ұзақтығы мен "Аграрлық несие корпорациясы" және "ҚазАгроҚаржы" жұмысындағы цифрландыру деңгейінің жеткіліксіздігі сынға алынды.

Президент банктер ұсынатын несие шарттарына да назар аударды. Оның айтуынша, қарызды өтеу мерзімі ауыл шаруашылығындағы маусымдық ерекшеліктерге сәйкес белгіленуі керек. Ал инвестициялық жобаларды іске асыру кезеңінде фермерлерге негізгі қарызды өтеу бойынша кейінге қалдыру мүмкіндігін қарастыру қажет.

“Фермерлер алғашқы несие төлемін жасау үшін егін жинай салысымен өнімін көбіне өте арзан бағаға сатуға мәжбүр. Мұндай жағдайға жол беруге болмайды. Министрлік пен Үкімет бұл мәселені шешуге кірісуі керек”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент үкіметке "Бәйтерек" холдингімен және қаржы реттеушілерімен бірлесіп, 2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін аграрлық секторға арналған инвестициялық қаржыландыру құралдарының бірыңғай желісін әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығын несиелендіруге коммерциялық банктерді белсендірек тартуға шақырды.

Бұдан бөлек, мемлекет басшысы фермерлердің несие алуға өтінім беруінен бастап, қаражатты қолына алғанға дейінгі процестің ұзақтығын мәселе ретінде көтерді. Осы мерзімді қысқартып, несие беру шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін фермерлердің несие қабілетін цифрлық бағалау жүйесін енгізуді ұсынды.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында ауылды дамытуға бағытталған бағдарламалардың нәтижесіне күмән келтірді.

Ислам Әден
Жұма, 20 Қараша, 2026 15:33