Суармалы жердің жартысына да су үнемдеу технологиясы жетпеген: Тоқаев Үкіметке тапсырма берді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында 2030 жылға дейін суармалы жер көлемін 1,3 миллион гектарға жеткізуді тапсырды. Қазір су үнемдеу технологиялары егіс алқаптарының жартысына да жетпейтін бөлігінде ғана қолданылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Президент 2030 жылға дейін суармалы егіс алқаптарының көлемін 1 миллион 300 мың гектарға жеткізуді міндеттеді.
"Тағы бір міндет – суармалы егіншіліктің тиімділігін арттыру. Бұл аса маңызды мәселе әлі күнге шешімін таппай келеді. Осы тақырып төңірегінде қызу пікірталас жүріп жатыр. Қазір 700 мың гектар суармалы алқапта су үнемдеу технологиясы қолданылады. Бұл жалпы ауданның жартысына да жетпейді. 2030 жылға дейін кемінде 1 миллион 300 мың гектар жерді қамту міндеті тұр. Мәселенің өзектілігін ескере отырып, Үкіметке аталған шаруаны тұрақты күн тәртібіне енгізуді, яғни, күнделікті жұмыс ретінде қарауды тапсырамын", – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы бүгінде 4,6 мың шақырым суару арнасына реконструкциялау мен жөндеу жұмыстары басталғанын айтты.
"Мың шақырымға жуығы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Осылайша, 200 мың гектар суармалы жердің жағдайы жақсарады. Үкімет әкімдіктермен бірлесіп, суармалы жерлерді кеңейту жоспарын су жеткізу мүмкіндіктерімен, арналардың жағдайымен және энергия желілерінің қуатымен ұштастырғаны абзал. Өздеріңізге мәлім, жер қателікті көтермейді. Бірақ аялап, ұқыпты қараса, көл-көсір пайдаға кенелтеді. Мұны сіздер жақсы білесіздер", – деді ел президенті.

Бұдан бөлек, Тоқаев егін шаруашылығының әлеуетін толық пайдалану үшін озық ғылыми тәсілдер мен заманауи технологияларды енгізуге күш салу керек екенін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Stan.kz Түркістан облысындағы су тапшылығы мәселесін зерттеп, оңтүстік өңірлерде диқандардың қандай қиындықтарға тап болып отырғанын анықтаған еді. Материалда Келес ауданы шаруаларының суармалы суға қол жеткізе алмай, егістіктен шығынға батып жатқаны, кейбір алқаптардың сусыздықтан сортаңданып, игерілмей қалғаны айтылды. Диқандардың сөзінше, мәселенің бір себебі шекара маңындағы су сорғыларына уақытылы жете алмау, екіншісі – суару арналарының тазаланбауы мен ескірген инфрақұрылым.
Сонымен қатар тәуелсіз сарапшы Кирилл Павлов суару каналдарындағы судың едәуір бөлігі жолай ысырап болып жатқанын айтып, оны нақты есепке алу қажеттігін көтерді. Оның пікірінше, су тапшылығын тек жаңа технологиялар енгізу немесе жасанды жауын-шашын арқылы шешу мүмкін емес. Ол үшін ең алдымен қолда бар су ресурстарын тиімді басқару, каналдарды жөндеу және су бөлудің ашық жүйесін қалыптастыру қажет. Ал Су ресурстары және ирригация министрлігі су тапшылығын азайту үшін су пайдалану лимиттерін бекітіп, электронды есеп жүйесін енгізу, ирригациялық каналдарды жаңғырту және су үнемдеу технологияларын субсидиялау шараларын қолға алғанын мәлімдеген еді.
"Түнімен жұмыс істетіп, ұйықтатпайтын": Қазақстандық студенттер ЖОО жатақханаларында көрген әлімжеттігін айтты