Әлемдік БАҚ келесі жылы саяхаттауға тұрарлық 20 үздік бағытты атады: Тізімде Алматы да бар
BBC Travel редакторлары 2027 жылы саяхаттауға тұрарлық әлемдегі 20 үздік бағыттың тізімін жариялады. Олардың қатарында Қазақстанның Алматы қаласы да бар. Басылым қаланың дамып келе жатқан өнері, гастрономиясы мен дизайн мәдениетін, сондай-ақ Тянь-Шань тауларының әсем табиғатын ерекше атап өткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тізімдегі алғашқы бағыт – Мадагаскар. Арал әлемнің басқа жерінде кездеспейтін жануарларымен және ерекше табиғатымен танымал. Мұндағы сүтқоректілердің 92%-ы эндемик саналады. Саяхатшыларға елдің табиғи байлығын RN7 бағытымен аралап көру ұсынылады. Келесі Канаданың Квебек қаласы. Ол табиғи ландшафтымен және ЮНЕСКО биосфералық қорығы аумағымен ерекшеленеді. Туристерге табиғат пен жарық инсталляцияларын біріктіретін 1,2 шақырымдық Onhwa’ Lumina бағытына бару ұсынылады.
Тағы бір бағыт Жапониядағы Исе-Сима түбегі. Бұл өңір 1300 жылдан астам тарихы бар дәстүрлі Окихики рәсімімен танымал. Ол әр 20 жыл сайын өткізіледі, ал 2027 жылы оның кезекті кезеңін тамашалауға мүмкіндік туады. Бұдан кейінгі орын Атлант мұхитындағы Әулие Елена аралы. Аумағы небәрі 122 шаршы шақырым болатын аралға Йоханнесбургтен аптасына бір рет ұшақ қатынайды. 2027 жылғы 28 ақпанда мұнда "әлемдегі ең шалғай марафон" өтеді.
Тізімге Бразилияның Салвадор қаласы да енген. Ол 2027 жылғы әйелдер арасындағы футболдан әлем чемпионатын қабылдайтын қалалардың бірі ретінде аталады. Саяхатшыларға тарихи Пелуринью ауданымен және афро-бразилиялық мәдениетке арналған MUNCAB музейімен танысу ұсынылады.
Келесі орын АҚШ-тағы Окефеноки батпағы. Солтүстік Америкадағы ең ірі қарасулы батпақтың аумағы шамамен 1771 шаршы шақырым. 2026 жылы ЮНЕСКО мәртебесін алған бұл табиғи аймақ сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктерге бай. Францияның Бургундия өңірі де саяхатшылар назарын аударуы мүмкін. 2027 жылы фотографияның пайда болғанына 200 жыл толады. Осыған орай Шалон-сюр-Сон қаласына сақталған ең көне фотосуреттердің бірі қайтарылады.
Үндістанның солтүстік-шығысындағы Мегхалая штаты тірі ағаш тамырларынан жасалған көпірлерімен, қасиетті ормандарымен және жергілікті қауымдастықтардың тұрмыс-тіршілігімен ерекшеленеді. Туристер Нонгриадағы екі қабатты тамыр көпірін, Нокрек биосфералық қорығын және Мауфланг ормандарын көре алады.
Тағы бір бағыт Гана. Ел тарихи мұрасымен және мәдени шараларымен қызықтырады. Олардың қатарында африкалық диаспора тарихына арналған PANAFEST фестивалі мен Какум ұлттық саябағындағы ағаштар үстімен өтетін аспалы жолдар бар.
Аустралиядағы Дейнтри өңірі әлемдегі ең көне тропикалық ормандардың бірімен танымал. Мұнда туристер жергілікті Куку-Яланджи халқының мәдениетімен танысып, орман ішіндегі арнайы серуендерге қатыса алады. Сондай-ақ Daintree Food Trail бағыты өңірдің жергілікті тағамдарын зерттеуге мүмкіндік береді. Саяхаттауға ұсынылған келесі орын Словениядағы Бохинь. Альпі тауларында орналасқан өңір көлдері мен табиғи көріністерімен ерекшеленеді. Туристерге Блед пен Бохинь көлдерін жалғайтын 28 шақырымдық велосипед бағыты және Жеті көл аңғары ұсынылады.
Шотландиядағы Унст аралы да тізімге енген. Шетланд аралдарының солтүстігінде орналасқан бұл мекен табиғи ландшафтымен және ғарыш саласындағы жобаларымен назар аудартады. Мұнда SaxaVord ғарыш айлағынан зымыран ұшыруға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оңтүстік Кореяның Канвон провинциясы да туристерге ұсынылған бағыттардың бірі. Өңір Сораксан ұлттық паркімен және Бэкдамса будда ғибадатханасымен танымал.
Канададағы Альберта провинциясы Жартасты тауларымен және Джаспер ұлттық саябағымен ерекшеленеді. Мұнда туристер табиғатты тамашалап қана қоймай, жергілікті байырғы халықтардың, соның ішінде Treaty 7 қауымдастықтарының мәдениетімен таныса алады. Италияның Сардиния аралы ежелгі нураг құрылыстарымен, табиғи көріністерімен және дәстүрлі тағамдарымен танымал. Саяхатшыларға Су-Гологоне бұлағы мен аралдың тарихи-мәдени мұрасын зерттеу ұсынылады.

Келесі бағыт Жаңа Зеландиядағы Крайстчерч қаласы. Ол табиғатқа жақын орналасуымен және жаңарып жатқан қалалық кеңістігімен ерекшеленеді. Қала елдің оңтүстік аралын зерттеуге шығатын туристер үшін қолайлы орындардың бірі саналады.
Румыниядағы Харгита округі де тізімнен орын алған. 2027 жылы өңір Еуропаның гастрономиялық аймағы мәртебесіне ие болады. Осыған орай жергілікті асхананың 50 таңдаулы тағамы таныстырылады. Ал Перудегі Кордильера-Бланка таулы аймағы 500-ден астам мұздығымен ерекшеленеді. Туристер арасында Лагуна-69 көліне апаратын 14 шақырымдық жаяу бағыт танымал.
Тізімдегі Қазақстаннан енген жалғыз қала – Алматы. BBC Travel қаланы Тянь-Шань тауларының етегінде орналасқан, өнері, гастрономиясы мен дизайн мәдениеті дамып келе жатқан орталық ретінде сипаттайды. Басылымның жазуынша, 2027 жылы Алматыны Нью-Йорк, Әбу-Даби және Гонконгпен байланыстыратын тікелей әуе рейстері ашылмақ. Бұл қаланың халықаралық туристер үшін қолжетімділігін арттыруы мүмкін.
Алматының мәдени өміріндегі маңызды жаңалықтардың бірі Алматы өнер музейі мен Целинный заманауи мәдениет орталығы. Басылым Алматы өнер музейін Орталық Азиядағы алғашқы ірі заманауи өнер музейі ретінде атап өткен. Екі мекеме де көшпелі өркениеттің мұрасы мен исламға дейінгі Тәңірлік дүниетанымға негізделген табиғатқа деген көзқарасты заманауи өнер арқылы таныстырады. Қаладағы галереяларда қазақстандық қолөнершілер дәстүрлі бұйымдарды жаңа үлгіде ұсынып жүр. Сонымен қатар келесі жазда өтетін "Тәңір рухы" фестивалінде әлемдік, өңірлік және қазақстандық жүздеген әртіс ашық аспан астындағы сахналарда өнер көрсетеді деп жоспарланған.
Алматының гастрономиялық бағыты да шетелдік саяхатшылардың қызығушылығын арттырып келеді. BBC Travel әсіресе Auyl мейрамханасын атап өткен. Мұнда Орталық Азияның дәстүрлі тағамдары заманауи тәсілмен ұсынылады. Мәзірде жылқы етінен жасалған тартар мен нанмен берілетін сүйек майы секілді тағамдар бар. Ал киіз үйдің пішінінен шабыт алған заманауи ғимарат Тянь-Шань тауларына қарайтын көрінісімен ерекшеленеді.
Ал тізімдегі соңғы бағыт Жапониядағы Нагато-Юмото Онсэн. Бұл өңір дәстүрлі ыстық бұлақтарымен танымал. Саяхатшылар мұнда жапондық онсэн мәдениетімен танысып, табиғат аясында демала алады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда соңғы жеті жылда туристік инфрақұрылым айтарлықтай кеңейді. 2019-2025 жылдары елдегі қонақүйлер, демалыс базалары мен басқа да орналастыру орындарының саны 3 592-ден 4 482-ге дейін көбейген. Ал туристерді бір мезетте қабылдау мүмкіндігі 181 мыңнан 233 мың төсек-орынға дейін артты. Осы кезеңде туризм саласына салынған инвестиция көлемі де 502 миллиард теңгеден 1,26 триллион теңгеге жетіп, 2,5 есе өсті. 2025 жылы салада жалпы құны 345 миллиард теңге болатын 95 инфрақұрылымдық жоба іске асырылды.
"Түнімен жұмыс істетіп, ұйықтатпайтын": Қазақстандық студенттер ЖОО жатақханаларында көрген әлімжеттігін айтты