Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жеті жылда туристік инфрақұрылым қалай өзгерді

Туризмнің тұрақты дамуы заманауи және қолжетімді инфрақұрылымды қажет етеді. Соңғы жылдары Қазақстанда орналастыру орындарының саны артып, жаңа туристік нысандар салынып, инженерлік және көлік инфрақұрылымы жаңғыртылуда. Сонымен қатар өңірлердегі туристік бағыттардың қолжетімділігін арттыруға, сервис сапасын жақсартуға және жеке инвестициялар тартуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылып келеді.

2019-2025 жылдары Қазақстандағы орналастыру орындарының саны 3 592-ден 4 482 нысанға дейін көбейіп, 24,8%-ға артты. Олардың бір мезетте қабылдау сыйымдылығы 181 мыңнан 233 мың төсек-орынға дейін ұлғайды. Ал 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында елімізде жалпы сыйымдылығы шамамен 243 мың төсек-орынды құрайтын 4 687 орналастыру орны жұмыс істеді.

Қонақүйлер, демалыс базалары, шипажайлар, глэмпингтер және басқа да орналастыру нысандарының көбеюі өңірлердің туристерді қабылдау мүмкіндігін кеңейтіп, ел ішіндегі демалыс түрлерін әртараптандыруға жағдай жасады.

Туристік инфрақұрылымның дамуы инвестиция көлемінің артуымен қатар жүрді. 2019-2025 жылдар аралығында туризм саласына салынған негізгі капиталға инвестициялар 502 млрд теңгеден 1,26 трлн теңгеге дейін өсіп, 2,5 есеге артты. Тек 2025 жылы жалпы құны 345 млрд теңгені құрайтын 95 инфрақұрылымдық жоба іске асырылды. Олар туристік аумақтарды дамытуға, демалыс нысандарын салу мен жаңғыртуға, инженерлік және көлік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталды.

Саланың экономикалық көрсеткіштері де өсті. Орналастыру орындары көрсеткен қызмет көлемі 2019 жылғы 121 млрд теңгеден 2025 жылы 350,6 млрд теңгеге дейін жетіп, шамамен 2,9 есеге артты. Ал 2025 жылы туризм саласынан түскен салық түсімдері 630 млрд теңгені құрады.

Ішкі туризмді ынталандыруда туристік бизнеске арналған мемлекеттік қолдау тетіктері де қолданылуда. 2022 жылдан бері салада жеті қолдау тетігі жұмыс істейді. Олар туристік нысандар мен жол бойындағы сервис объектілерін салу және жаңғырту шығындарының бір бөлігін өтеуді, туристік автобустар мен тау шаңғысы курорттарына арналған жабдықтарды сатып алуды қолдауды, сондай-ақ санитариялық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстау шығындарын субсидиялауды қамтиды.

2025 жылы Щучинск-Бурабай курорттық аймағын, "Маңғыстау" туристік аймағын және Алматы тау кластерін дамытудың кешенді жоспарлары әзірленді. Бұл құжаттар көлік және инженерлік инфрақұрылымды жетілдіруді, жаңа орналастыру орындарын салуды, аумақтарды абаттандыруды, қызмет көрсету сапасын арттыруды және жеке инвестиция тартуды көздейді.

Туристік бағыттардың қолжетімділігіне де назар аударылуда. Автомобиль жолдарын дамыту, әуе бағыттарын кеңейту және әлеуметтік маңызы бар рейстерді субсидиялау өңірлер арасындағы байланысты жақсартуға бағытталған. 2026 жылы Балқаш, Үржар және Үшарал бағыттарына әуе рейстерін субсидиялау қарастырылған.

Табиғи туризмге деген қызығушылық та айтарлықтай артты. Мемлекеттік ұлттық табиғи парктерге келушілер саны 2019 жылғы 1,38 млн адамнан 2025 жылы 3,6 млн адамға дейін өсіп, 2,6 есеге көбейді.

Сонымен қатар 2021-2025 жылдары өңірлерде 483 санитариялық-гигиеналық торап орнатылды. 2026 жылғы тамыздағы жағдай бойынша Қазақстанда туристерге маршруттар, көрікті жерлер мен қызметтер туралы ақпарат беретін 23 визит-орталық және 11 туристік ақпараттық орталық жұмыс істейді.

Алдағы кезеңде ішкі туризмнің өсуін жалғастыру міндеті қойылып отыр. Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарына сәйкес, орналастыру орындарының қызметін пайдаланатын ішкі туристер санын 2029 жылға қарай 11 млн адамға жеткізу көзделген.

Осылайша, 2019-2025 жылдары ішкі туристер санының 63,8%-ға өсуі туристік инфрақұрылымның кеңеюімен, инвестиция көлемінің 2,5 есеге артуымен және өңірлердегі туристік бағыттардың қолжетімділігін жақсарту жұмыстарымен қатар жүрді. Қазақстандағы ішкі туризм енді тек демалыс саласы ғана емес, өңірлердің экономикалық белсенділігіне ықпал ететін бағыттардың біріне айналып келеді.

Stan.kz
Сейсенбі, 13 Қазан, 2026 17:18