Шымкенттегі Мұхтар Әуезов атындағы университетке ұлттық мәртебесі берілмек
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкенттегі Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне ұлттық мәртебе беру туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жоғары білімді дамытуға арналған форумда сөз сөйлеген президент Шымкенттің оңтүстік өңірдегі ірі ғылыми-білім беру орталығына айналуы керегін айтты. Оның сөзінше, қазір жетекші ұлттық университеттердің басым бөлігі Астана мен Алматы қалаларында шоғырланған. Енді билік елдегі үшінші мегаполистің ғылыми және зияткерлік әлеуетін дамытуға басымдық бермек.
"Қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Әуезовтің есімі берілген Оңтүстік Қазақстан университетіне ұлттық мәртебе беру туралы шешім қабылдадым", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Әуезов атындағы университеттің өңірдегі ең ірі жоғары оқу орны екенін атап өтті. Қазір онда Шымкенттегі әрбір бесінші студент білім алады.
Президенттің пікірінше, ұлттық мәртебе университет басшылығы мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің мамандар даярлау сапасы мен ғылыми зерттеулерді дамытуға деген жауапкершілігін арттыруы тиіс.
"Әуезов атындағы университет сапалы білім берудің көшбасшысына, озық ғылымның тірегіне және өңірдің зияткерлік орталығына айналуы керек", – деп атап өтті Тоқаев.
Сонымен қатар Президент Шымкентте халықаралық білім беру ынтымақтастығының дамып жатқанын айтты. Қалада америкалық Аризона штаты университетінің білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ Түркияның Гази университетінің филиалы ашылған.
Мемлекет басшысы түрік университетінің ректоры, профессор Угур Уналға алғыс айтып, Шымкент жоғары оқу орындарының халықаралық байланыстарын одан әрі нығайту қажеттігін атап өтті.
Бұған дейін Ұлттық ғылым академиясына квазимемлекеттік сектор субъектісі мәртебесі берілетіні туралы жазған едік. Заңмен ұжымдық пайдалануға арналған ғылыми зертханалар инфрақұрылымына қолжетімділікті қамтамасыз ету тетіктері енгізіледі. Ұлттық ғылым академиясының квазимемлекеттік сектор субъектісі ретіндегі мәртебесі нақтыланып, оның мүлкін қалыптастыру көздері, қаржыландыру тәртібі және міндеттемелер бойынша жауапкершілігі айқындалады.
