Хабиб Нурмагомедов БАӘ билігімен келіссөз жүргізіп, бауырын түрмеден босатып алды
UFC ұйымының бұрынғы чемпионы Хабиб Нурмагомедов Біріккен Араб Әмірліктерінің билік өкілдерімен келіссөз жүргізіп, бауыры Усман Нурмагомедов пен оның серіктерін босатып алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Mash на спорте-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Басылымның мәліметінше, бастапқыда Усманның айналасындағы адамдар мәселені Хабибтің көмегінсіз шешуге тырысқан. Алайда одан нәтиже шықпаған соң, оған жүгінуге мәжбүр болған. Хабиб алдымен UFC басшысы Дана Уайт пен америкалық серіктестерінен көмек сұраған. Бірақ олар БАӘ-де заң басқа екенін және мәселені АҚШ-тағыдай жолмен шешу мүмкін еместігін айтқан.
Осы уақытта спортшылар Магомед Анкалаев пен Хамзат Чимаев грузиялық файтер Мераб Двалишвилиден ұсталған жігіттерді босатуды көпшілік алдында сұрауын өтінген. Двалишвили бұған келіскенімен, жағдайды бірден шеше алмаған. Ақырында Хабиб Нурмагомедовтың өзі Біріккен Араб Әмірліктеріне барып, жергілікті билік өкілдерімен тікелей келіссөз жүргізген.
Mash дерегінше, ұзақ келіссөзден кейін екі жақ ұсталғандарды кезең-кезеңімен босату жөнінде келісімге келген. Алғашқы топ 15 қарашада, ал Усман Нурмагомедов бар екінші топ 16 қарашада бостандыққа шыққан. Сондай-ақ басылым Хабибтің БАӘ билік өкілдеріне төбелеске қатысқандар бұл оқиға туралы сұхбат бермейді және әлеуметтік желіде пікір білдірмейді деп уәде еткенін жазды.
Еске салсақ, 11 қарашада Абу-Дабидегі қонақүйлердің бірінде Усман Нурмагомедов пен Мераб Двалишвилидің қатысуымен жаппай төбелес болған еді. Осы оқиғаға байланысты 13 қарашада сот Усман Нурмагомедов пен оның жеті серігін алты айға бас бостандығынан айырған. Сондай-ақ олардың әрқайсысына 300 мың дирхам айыппұл салынған. Алайда кейін тараптар өзара татуласып, жәбірленушілер шағымдарын қайтарып алған. Абу-Даби сот органдары жазаны қайта қарап, айыппұлды әр адамға 150 мың дирхамға дейін азайтқан. Нәтижесінде Усман Нурмагомедов пен оның серіктері босатылды.
13 жыл бұрын үздік атанған алты шенеуніктің бесеуі сотталып кетті: Бұған не әсер етті
