Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Автордың көркемдігі": Петропавлда үш қолды отбасы бейнеленген баннер жұрттың талқысына түсті

отбасы баннері үш қол
Фото: Желі кадрларынан скрин

Петропавлда үш қолды отбасы бейнеленген баннер жұрттың қызу талқысына түсті. Плакаттағы әке мен ананың қолы нешеу екенін байқаған тұрғындар оның мәнін түсінбей, әкімдікке сұрақ қойған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Желіде тұрғын плакаттың суретін шығарып, әзілмен сынады. 

"Менің үш қолым бар, сенің де үш қолың бар. Сонда банан қалай пайда болды? Бұл ерекше баннер Ульянов көшесіндегі 59 және 61-үйлердің арасында орналасқан. Меніңше, құжат жүзінде дизайнер бар шығар. Бірақ нағыз дизайнер мұндай қатені байқамай қалмас еді”, – деп жазды ол. 

Қала тұрғындары да баннердегі суретті қызу талқылады. 

"Баннерге бюджеттен миллиондаған қаржы бөлінген шығар";
"Негізгі мақсат – Қазақстанның отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы екенін көрсету. Бірақ суретте қыздың әкесінің қай жерінен ұстап тұрғаны түсініксіз. Ата-анасы да біртүрлі қол көтеріп тұрғандай көрінеді. Осындай баннерді мақұлдағандар бар ма өзі?";
"Мүмкін, мұның өз мәні бар шығар. Ата-анасы қол ұстасып тұрғанда, баланың төбесінде шаңырақ болады дегендей"; "Бәрі дұрыс. Үшінші қол автобуста арбаны жинауға керек шығар", – деп жазған желі қолданушысы.

Тұрғындардың сынынан соң Петропавл қаласының әкімдігі пікір білдірді. Айтуынша, баннер тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына қолдау көрсететін орталықтың жанында орналасқан.

“Орталық биыл қыркүйек айында ашылған. Мұнда өмірлік қиын жағдайға тап болған әйелдерге психологиялық көмек көрсетіліп, қолдау беріледі. Бұл қате емес, автордың көркемдік шешімі. Дизайнер осылайша отбасының қорғанышы мен бірнеше міндетті қатар атқара алатынын көрсеткісі келген. Алайда автордың бұл ойы әртүрлі қабылданғандықтан, баннерді алып тастап, орнына жаңасын ілу туралы шешім қабылданды", – деп хабарлады әкімдік өкілдері.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда көшенің қақ ортасына ілінген Шоқан Уәлихановқа арналған баннерден бірнеше қате табылған еді. Қазақша баннерден 5 қате байқалған.

Гүлсезім Мұхатай
Сейсенбі, 17 Қараша, 2026 14:58