"Жүрегімді тебіренттіңдер": Димаш Құдайберген мексикалық жанкүйерлеріне ерекше алғыс айтты
Әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Мексикадағы жанкүйерлерінің ыстық ықыласына тәнті болды. Өнер иесі Гвадалахара қаласында өзін ерекше қарсы алған көпшілікке жүрекжарды жазба арнады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әнші Монтеррей қаласындағы концертінен кейін Гвадалахараға аман-есен жеткенін хабарлаған еді. Әуежайда оны жанкүйерлері зор қуанышпен қарсы алған. Димаш көпшіліктің ерекше ықыласына толқып, әлеуметтік желідегі парақшасында испан тілінде алғыс білдірді.
“Мексика, бүгін сендер жүрегімді тебіренттіңдер! Гвадалахараға келген сәтімді ешқашан ұмытпаймын. Қуанышқа толы жүздерді көріп, дауыстарыңызды естіп, осыншалықты махаббатты сезіну мені қатты толқытты”, – деп жазды өнер иесі.

Димаш жанкүйерлерінің ықыласын сөзбен жеткізу қиын екенін айтып, музыка адамдарды ұлты мен тіліне қарамастан жақындастыратынын атап өтті.
“Сендердің шексіз ықыластарыңа алғысымды білдіруге сөз жетпейді. Музыка шекара мен тіл таңдамайды. Өйткені жүректер тоғысқанда сөздің де қажеті жоқ. Мен сендердің әсем елдеріңе келдім, ал сендер маған өз үйімде жүргендей сезім сыйладыңдар”, – деді әнші.
Өнер иесі жазбасының соңында Гвадалахара тұрғындарына деген ерекше құрметін білдірді.
“Гвадалахара, Мексика! Әрқайсыңның бір бөлшегіңді жүрегіме сақтап қайтамын! Барлығыңды шын жүрегіммен құшақтаймын. Шексіз сүйіспеншілікпен, Димаш”, – деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, Димаш Құдайберген Мексикадағы концерттік сапарын жалғастырып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Мексикада Димаш Құдайбергенге арналған мурал пайда болғаныхабарланған еді. Димаштың алып бейнесі Монтеррей қаласының орталығындағы ғимараттардың бірінің қабырғасына салынған. Бұл бастаманы Dimash&DearsRegiasMty жанкүйерлер клубы Мексикадағы Dears por Dimash қауымдастығының қолдауымен жүзеге асырған. Ал суретті Antonio Art Mural есімімен танымал суретші Антонио салған.
Жанкүйерлердің айтуынша, бұл туынды – сүйікті әншісіне деген ықыластың ғана емес, Мексика мен Қазақстан арасындағы мәдени байланыстың да белгісі.
Тариф қымбат, интернет баяу: Beeline абоненттерінің наразылығына жауап берді