Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда HOWO, Volvo және Mercedes жүк көліктері шығарыла бастайды

көлік
Фото: Коллаж

Қазақстанда ауыр жүк көліктерінің халықаралық брендтерін құрастыру өндірісі кеңейіп жатыр. Алматыда Volvo тартқыштарын шығару басталса, Саран қаласында қытайлық HOWO жүк көліктерін құрастыратын зауыттың құрылысы аяқталуға жақын. Сондай-ақ Үкімет немістің Mercedes компаниясымен келіссөздер жүргізіп жатыр.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов елдің логистикалық әлеуетін дамыту және автопаркті жаңарту үшін әлемдік брендтердің өндірісін локализациялау басты басымдық екенін айтты.

“Қазірдің өзінде HOWO, Sinotruk және Scania тартқыштарының өндірісі игерілді. Олардың қосалқы бөлшектерін отандық өндіріске бейімдеу жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ биылғы жылдың соңына дейін Алматыда Volvo тартқыштарын шығаруды бастау жоспарланған, ал Mercedes компаниясымен келіссөздер жүргізілуде”, — деді Олжас Бектенов.

Айта кетерлігі, Volvo FH13 жүк көліктері Алматыдағы Astana Motors зауытында құрастырылады. Тиісті келісімшартқа биыл маусым айында қол қойылған болатын.

 

Саранда жылына 10 мыңға дейін HOWO көлігі шығарылады

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев 2026 жылы іске қосылатын негізгі өнеркәсіптік жобалардың бірі ретінде Saran Machinery зауытын таныстырды. Құны 24 миллиард теңге болатын кәсіпорын жылына 10 мың данаға дейін қытайлық HOWO жүк көліктерін шығаруға қауқарлы.

Бірінші кезеңде зауытта тек кабиналар мен шасси құрастырылса, биыл дәнекерлеу және бояу желілері іске қосылады. Болашақта кәсіпорын отандық компоненттерді тарта отырып, толық өндірістік циклге көшпек. Жобаны қытайлық Sinotruk концерні мен Тимур Карбаевқа тиесілі қазақстандық “Саранский МашЗавод” компаниясы бірлесіп жүзеге асырып жатыр.

2026 жылы тағы қандай ірі зауыттар іске қосылады?

Министр Ерсайын Нағаспаев биыл жүзеге асырылатын тағы екі ірі инвестициялық жобаны атап өтті:

  • Мотор майлары зауыты (Шымкент): Құны 48 миллиард теңге болатын VOLTREX кәсіпорны жылына 50 мың бірлік өнім шығаруға есептелген. Компания құрылтайшысы — Alageum Group холдингінің негізін қалаушы Сайдулла Қожабаевтың (Forbes тізімінде 215 млн доллар / 101,6 млрд теңге байлығымен 47-орында) ұлы Еркебұлан Ілиясов.

  • Құбыр өндірісі: QazExpo Centre-Pipe компаниясы құны 26,8 миллиард теңге тұратын құбыр және құбыр арматурасын шығаратын өндірісті іске қоспақ (қуаттылығы — жылына 20 мың бірлік). Орал қаласында өндірістік алаңы бар бұл кәсіпорын Лазат Есекеева мен Сергей Марцевке тиесілі.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда автокөлік өндірісі 34%-ға өскені белгілі болды.

Айнура Дарибаева
Сейсенбі, 17 Қараша, 2026 12:56