Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Отандық автопром жаңа кезеңге қадам басты: Қазақстанда автокөлік өндірісі 34%-ға өскен

Қазақстанның автокөлік өнеркәсібі өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, жаңа даму кезеңіне аяқ басты. Енді саладағы негізгі мақсат – көлік санын көбейтумен шектелмей, өндірісті тереңдету, автокөлік бөлшектерін ел ішінде шығару және өзіміздің инженерлік-технологиялық мүмкіндіктерімізді қалыптастыру.

Қазақстанның автокөлік одағының алдын ала мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында елімізде 146 541 бірлік автокөлік техникасы өндірілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 34,2%-ға көп. Қыркүйек айының өзінде 20 215 көлік шығарылған. Бұл өткен жылғы қыркүйектегі көрсеткіштен 55,2%-ға жоғары. Ал тамызбен салыстырғанда өндіріс көлемі 32,4 %-ға артқан.

Осылайша, биылғы тоғыз айдың өзінде Қазақстандағы көлік өндірісі былтырғы жылдық көрсеткішке жақындады. 2025 жылы елімізде 174,9 мың бірлік автокөлік техникасы шығарылған еді.

Өндіріс қарқыны бойынша Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі автокөлік өндіруші Өзбекстаннан да алда келеді. Өзбекстан Ұлттық статистика комитетінің мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында елдегі автокөлік өндірісінің өсімі өткен жылмен салыстырғанда 9,2% болған.

Қостанай – автокөлік өндірісінің ірі орталығы

Қазақстандағы автокөлік өнеркәсібінің негізгі орталықтарының бірі – Қостанай облысы. Соңғы жылдары бұл өңірде көлік құрастырумен ғана шектелмейтін тұтас өндірістік орта қалыптасты. Мұнда автокөлік шығару, бөлшек өндіру, инженерлік мамандар даярлау және қажетті кадрларды оқыту бағыттары қатар дамып келеді.

Тоғыз айдың қорытындысы бойынша еліміздегі ең ірі жеке автокөлік өндіруші – Қостанайдағы Allur зауыты. Кәсіпорын 56 130 бірлік техника шығарған. Бұл Қазақстандағы жалпы автокөлік өндірісінің үштен бірінен астамын құрайды. Жаңа Kia Qazaqstan зауытында 13 782 автокөлік өндірілген. Алматыдағы Astana Motors Manufacturing Kazakhstan кәсіпорны 40 245 көлік шығарса, Hyundai Trans Kazakhstan 27 305 автокөлік өндірген.

Бұдан бөлек, СемАЗ 2 293, QazTehna 2 014, Hyundai Trans Auto 998, КАМАЗ-Инжиниринг 804, Orbis Machinery 433, Daewoo Bus Kazakhstan 379, Оралскагрореммаш 158 бірлік техника шығарды. Өндіріс көлемімен бірге Қазақстанда шығарылатын көлік түрі де көбейіп келеді. Қазір елімізде ең көп өндірілетін он брендтің қатарында Chevrolet, Hyundai, Kia, Changan, Chery, Haval, Jetour, JAC, Geely Galaxy және MG бар.

Отандық өндірістегі ең көп шығарылатын модель әзірге Chevrolet Cobalt болып отыр. Тоғыз айда осы модельдің 27 659 данасы өндірілген.

Ендігі мақсат – көлік құрастырудан бөлшек шығаруға көшу

Қазақстанның автокөлік өнеркәсісі соңғы он жылда айтарлықтай өсті. 2015 жылы елімізде небәрі 15,2 мың автокөлік техникасы өндірілсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 174 900-ға жетті. Яғни он жыл ішінде өндіріс көлемі шамамен 12 есеге артқан. Сонымен қатар автокөлік өндірісінің елдегі машина жасау саласындағы үлесі де едәуір өсті. Ендігі міндет – осы қарқынды сақтап, көліктің негізгі бөлшектерін Қазақстанның өзінде көбірек өндіру.

Кәсіпорындар біртіндеп дайын бөлшектерді жинау тәсілінен күрделірек өндіріс жүйесіне көшіп жатыр. Оның ішінде көлік шанағын дәнекерлеу, бояу, роботтандырылған операциялар, сапаны автоматты бақылау және өндірісті цифрлық басқару сияқты технологиялар бар. Осы бағытта елімізде автокөлікке арналған шина, орындық, мультимедиялық және климаттық жүйелер, кабель өнімдері мен басқа да бөлшектер өндірісін жолға қою жұмыстары жүріп жатыр. Бұл бағыттағы ірі жобалардың бірі Қостанайдағы Allur базасында жүзеге асуда. Компания автокөлік өндірісінің айналасында жергілікті жеткізушілердің тұтас жүйесін қалыптастырып, арнайы өндірістік орталық құрып жатыр. Аумағы шамамен 30 мың шаршы метр болатын нысанда сым желілері, көлік құрылымының элементтері, салон бөлшектері сияқты түрлі өнім шығару жоспарланған.

Кәсіпорын жылына 60 мыңға дейін жинақ шығара алады. Жоба аясында шамамен 800 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Осылайша, Қостанай біртіндеп тек көлік құрастыратын өңір емес, автокөлік өндірісінің айналасына бөлшек шығару, инженерлік қызмет, логистика және маман даярлау жүйесі топтасқан ірі өнеркәсіптік орталыққа айналып келеді.

Автопромның пайдасы басқа салаларға да тиеді

Автокөлік өндірісінің дамуы бір ғана зауыттың жұмысымен шектелмейді. Өндіріс тереңдеген сайын оған қажетті шикізат пен қызмет түрлеріне сұраныс та артады. Мысалы, автокөлік өндірісіне отандық болат, алюминий, мыс, пластмасса, резеңке бұйымдары, әйнек, кабель, электроника қажет. Бұған қоса инженерлік және логистикалық қызметтерге де сұраныс көбейеді. Мұндай өндірістік байланыс Қарағанды облысында қазір де қалыптасып келеді. QazTehna кәсіпорнында Yutong автобустарын шығарған кезде отандық Qarmet компаниясының мырышталған болаты пайдаланылады. Сонымен қатар мұнда автобустарға қажетті бөлшектерді қалыптау өндірісі дамып жатыр.

Саран қаласында әлемдегі ірі компаниялардың бірі SINOTRUK-пен бірлесіп, Howo жүк көліктерін шығаратын зауытты іске қосу жұмыстары да жүргізілуде.

Инвестиция көлемі де артып келеді

Көлік өнеркәсібіндегі мұндай өсімнің өзіндік себептері бар. Бұған өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, инвестиция тарту, өндірісті күрделендіру және жергілікті үлесті арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың да ықпалы бар.

Қазақстанға әлемдік автокөлік компаниялары келіп қана қоймай, ел ішінде зауыт салып, технология енгізіп, мамандар даярлауға қаржы сала бастады.

2025 жылы Алматыда Astana Motors Manufacturing Kazakhstan және Қостанай облысында Kia Qazaqstan зауыттары іске қосылды. Олардың жылдық өндірістік қуаты тиісінше 120 мың және 70 мың автокөлікке дейін жетеді.

Екі жобаға салынған инвестиция көлемі шамамен 347 миллиард теңгені құрады. Олардың арқасында 5 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Инвестиция тарту жұмысы биыл да жалғасып жатыр.

2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында автокөлік құралдарын, тіркемелер мен жартылай тіркемелерді өндіруге салынған негізгі капитал көлемі 132,1 миллиард теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 43,6 %-ға көп.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған міндеттерге сәйкес, Үкімет алдағы уақытта өндірісті одан әрі тереңдетуге және автокөлік бөлшектерін Қазақстанда шығаруға басымдық беріп отыр.

Бұл ретте отандық металлургия мен басқа да салаларды автокөлік өндірісіне кеңінен тарту маңызды бағыттардың біріне айналмақ.

Автокөлік – жаңа өндірістік тізбектің бір бөлігі

Қазақстанның автокөлік өнеркәсібіндегі өзгеріс бір қарағанда зауыттар саны мен шығарылған көлік көлемінен ғана көрінуі мүмкін. Алайда оның астарында әлдеқайда үлкен үдеріс жатыр. Еліміз біртіндеп дайын көлікті сырттан сатып алатын нарықтан көлікке қажетті бөлшектерді, технологияларды және инженерлік шешімдерді өз ішінде қалыптастыратын елге айналып келеді.

9 айда өндірістің 34,2-ға өсуі – осы өзгерістің ауқымын көрсететін маңызды көрсеткіш. Бірақ саланың басты жетістігі тек санның өсуінде емес. Өндіріс орындарының географиясы кеңейіп, жергілікті өнімнің үлесі артып келеді. Жаңа бөлшек шығаратын кәсіпорындар ашылып, заманауи технологиялар енгізілуде. Мыңдаған адамға жаңа жұмыс орындары ұсынылып жатыр.

Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанның автокөлік өнеркәсібі енді тек машина құрастыратын сала болудан қалып, елдің өңдеуші өнеркәсібіндегі жаңа өндірістерді алға сүйрейтін маңызды күштердің біріне айналып келеді.

Ақгүл Айдарбекқызы
Бейсенбі, 08 Қазан, 2026 09:15