Абай облысында полициядан қашқан мас жүргізуші патрульдің көлікті соғып кетті
Абай облысы Үржар ауданында 62 жастағы Hyundai Tucson жүргізушісі полицияның тоқтау туралы талабына бағынбай, қашпақ болды. Қуғын кезінде ол жол талғамайтын көлікпен патрульдік Chevrolet Cobalt автокөлігін соққан. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Оқиға 21 қарашада сағат 00:23 шамасында елді мекендердің бірінде болған.
Полиция мәліметінше, "Құқықтық тәртіп" рейді кезінде тәртіп сақшылары жолдан күрт бұрылған жол талғамайтын көлікті байқап, жүргізушіге тоқтау туралы белгі берген. Алайда ол талабына бағынбай, жолсыз жермен қашуға тырысқан. Сол кезде патрульдік көлікке соғылған.
Медициналық куәландыру жүргізушінің мас күйде болғанын растады.

Оған қатысты екі құқық бұзушылық бойынша материалдар сотқа жолданды. Біріншісі – мас күйде көлік жүргізіп, патрульдік көлікті зақымдау, екіншісі – полицияның тоқтау туралы талабына бағынбау. Автокөлік арнайы тұраққа қойылды.
Полиция жүргізушілерді тәртіп сақшыларының заңды талабын орындауға және ішімдік ішкеннен кейін көлік тізгініне отырмауға шақырды.
Бұған дейін Алматыда өрт сөндіру көлігімен соқтығысқан Toyota жүргізушісі оқиға орнында қаза тапқан еді. Алдын ала ақпарат бойынша, өрт сөндіру көлігі шақыртуға арнайы жарық белгілерін қосып бара жатқан. Кейін көше қиылысынан өтіп бара жатқанда жеңіл көлікпен соқтығысқан.
"Балалардың қызуы 40°C-қа дейін көтеріліп, ауруханаға түсіп жатыр": Алматыда қандай инфекциялар таралып жатқаны белгілі болды