Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оңтүстік Кореяда көлік жүргізушісін қорқытқан қазақстандық ұсталды (Видео)

Оңтүстік Кореяда күдікке ілінген қазақстандық
Фото: Han Moon-chul TV

Оңтүстік Кореяда жол үстінде өзге көліктің жолын бөгеп, жүргізушісін қорқытты деген күдікпен 21 жастағы Қазақстан азаматы ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Koreaherald-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға 29 шілде күні түнгі сағат 23:40 шамасында Кёнгидо провинциясындағы Ичхон қаласында болған.

Полиция мәліметінше, қазақстандық жігіт 30 жастағы ер адамның көлігін қуып жетіп, алдынан жолын кескен. Кейін көлігінен түсіп, жәбірленушінің автокөлігінің алдыңғы бөлігін тепкілеген.

Оқиға видеосы YouTube желісінде таралып, көпшіліктің назарын аударған. Алайда жолдың қараңғы болуына байланысты полиция күдіктінің көлік нөмірін анықтай алмаған. Салдарынан қыркүйек айының ортасында тергеу нәтижесіз аяқталған.

Кейін полицейлер істі қайта қолға алып, бейнежазбаны мұқият зерттеген. Мамандар көлік нөмірінің бір бөлігін анықтап, маркасы мен моделіне қарай іздестіру жүргізген. Нәтижесінде Кореяда тұратын шетелдіктер көлік сататын әлеуметтік желідегі хабарландыру арқылы күдіктінің ізіне түскен.

21 жастағы қазақстандық Ансон қаласында ұсталып, оның көлігі тәркіленді.

Тергеу кезінде күдікті жәбірленушіні өз көлігін сатып алуға уәде беріп, кейін айнып қалған шетелдік азаматпен шатастырып алғанын айтқан.

Полицияның мәліметінше, оқиға орнында тағы бір 25 жастағы қазақстандық болған. Алайда оның елде заңды тұруға рұқсат беретін құжаттары болмағандықтан, қазан айының басында Кореядан шығарылғаны анықталды.

Қазір полиция 21 жастағы күдіктіні қамауға алуға санкция сұрап, шетелде жүрген екінші азаматқа халықаралық іздеу жариялау мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Үндістанда қазақстандық жаттықтырушы кәмелетке толмаған спортшыны зорлады деген күдікпен іздестіріліп жатқаны хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 19 Қазан, 2026 15:00