Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Балиде жезөкшелікке қатысы бар деген күдікпен Қазақстан азаматы ұсталды

жезөкше
Фото: en.antaranews.com

Балиде жезөкшелікпен айналысты деген күдікпен 13 шетелдік ұсталды. Олардың арасында Қазақстан азаматы да бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Antara сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Рейд 17 қыркүйек кешке Чангу, Семиньяк және Умалас аудандарында жүргізілген. Қазақстан азаматы Умаластағы вилладан үш Ресей азаматымен бірге ұсталған. Көші-қон қызметкерлері бұл мекенжай туралы ақпаратты Telegram желісінен жинаған.

Жалпы 12 әйел мен бір ер адам ұсталған. Олардың арасында Қазақстан, Ресей, Нигерия және Украина азаматтары бар.

Ведомство мәліметінше, тұрғындардан түскен хабарламалардан соң операция басталған. Қызметкерлер ақпаратты онлайн-платформалар арқылы тексеріп, бақылау жүргізген. Шетелдіктер Индонезияның көші-қон заңнамасын бұзды деген күдікке ілінді.

Көші-қон қызметінің өкілдері ұсталғандарға депортация жасалып, Индонезияға бес жылға кіруге тыйым салынуы мүмкін екенін айтты. Сонымен қатар оларға қатысты қылмыстық іс қозғау ықтималдығы да бар.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда жезөкшелік ұйымдастырылған 430 пәтердің иесі жазаланғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Дүйсенбі, 21 Қыркүйек, 2026 08:42