Бәсекелесінің жұмысын вирус арқылы баяулатқан: Қазақстанда екі бұрынғы вице-министр мен кредиттік бюро басшысы сотталды
Алматыда бұрынғы екі вице-министр мен кредиттік бюроның басшысы сотталды. Олар мемлекеттік мекеменің табысын азайтып, жеке компанияға көбірек ақша табуға мүмкіндік берген. Сондай-ақ бәсекелес компанияның жұмысына кедергі келтіру үшін компьютерлік вирус қолданған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Время басылымына сілетеме жасап хабарлайды.
Алматының Алмалы аудандық соты бұрынғы бірінші еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов, бұрынғы денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Дәулет Арғандықов, Бірінші кредиттік бюроның басшысы Руслан Омаров және тағы екі адамға қатысты үкім шығарды. Іс олардың мемлекеттік Еңбек ресурстарын дамыту орталығы мен жеке кредиттік бюро арасындағы келісім арқылы заңсыз пайда табуына байланысты қозғалған. Тергеу барысында 75 мың доллар пара беру, қызмет бабын асыра пайдалану және компьютерлік жүйеге зиянды бағдарлама орнату деректері анықталған.
Мемлекеттік мекеме 2 миллиард теңгеден астам табыстан қағылған
Іс материалдарына сәйкес, заңсыз әрекеттер 2020 жылы басталған екен. Сол кезде Еңбек ресурстарын дамыту орталығын басқарған Дәулет Арғандықов Бірінші кредиттік бюроның басшысы Руслан Омаровпен заңсыз келісім жасаған. Соның нәтижесінде жеке компания мемлекеттік мекеменің есебінен көбірек табыс таба бастаған. Бұған дейін Бірінші кредиттік бюро арқылы көрсетілген қызметтен түскен ақшаның 70%-ы мемлекеттік орталыққа, ал 30%-ы жеке компанияға беріліп келген. Арғандықов пен Омаров жасаған келісімнен кейін жеке бюроның үлесі 35%-ға дейін өскен. Ал мемлекеттік орталықтың алатын ақшасы 65%-ға дейін азайған.
Тергеушілер осы өзгерістің салдарынан Еңбек ресурстарын дамыту орталығы 2 миллиард теңгеден астам табысынан айырылғанын анықтады.
Бәсекелес компанияның жұмысына әдейі кедергі келтірген
Тергеу барысында Арғандықов пен Омаровтың Бірінші кредиттік бюроға тағы бір артықшылық жасағаны анықталған. Олар азаматтардың табысы туралы мәлімет беретін компьютерлік жүйеге арнайы зиянды бағдарлама орнатқан. Соның салдарынан жеке компания ақпаратты жылдам алып отырса, оның бәсекелесі Мемлекеттік кредиттік бюроның жұмысы баяулаған.
Мәселен, ірі банктердің бірінде жеңілдікпен тауар сатып алу және бөліп төлеу науқаны өткен кезде Мемлекеттік кредиттік бюроға 15 миллионға жуық сұрау түскен. Осы уақытта ақпаратты өңдеу әдеттегіден едәуір баяулап кеткен. Тергеу дерегінше, зиянды бағдарлама 427 күннен астам уақыт бойы жұмыс істеп тұрған.
Бұрынғы вице-министр 75 мың доллар парамен ұсталған
2025 жылдың көктемінде Еңбек ресурстарын дамыту орталығының басшылығына Ақмәди Сарбасов келген. Бұл кезде бұрын жасалған келісім әлі күшінде болған еді. Тергеу мәліметінше, Дәулет Арғандықов пен Руслан Омаров оған осы келісімнің шарттарын сақтап қалу үшін 75 мың доллар пара берген. Ал 2025 жылдың маусымында Қаржы мониторингі агенттігінің Алматыдағы қызметкерлері Сарбасовты пара алған кезде ұстаған. Кейін тергеушілер іске қатысы бар адамдардың үйлерін тінтіп, 370 мың доллар мен 5 миллион теңгеге жуық ақша тапқан. Сондай-ақ олардың жалпы құны 1 миллиард теңгеден асатын пәтерлері, көліктері мен бағалы қағаздарына тыйым салынған.
Тергеу шамамен бір жылға созылды. Осы уақыт ішінде шенеуніктердің заңсыз келісімге қатысы, параның қандай мақсатпен берілгені және компьютерлік жүйенің жұмысына кімдердің араласқаны зерттелген. Кейін қылмыстық іс Алматының Алмалы аудандық сотына жолданған.
Бұрынғы екі вице-министрге қандай жаза берілді?
11 қарашада судья Құралай Дарханова бес адамға қатысты үкім шығарды. Бұрынғы вице-министр Дәулет Арғандықов пен Бірінші кредиттік бюроның басшысы Руслан Омаров әрқайсысы 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Екеуіне де мемлекеттік қызметте және мемлекетке қарасты ұйымдарда лауазымды қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Ал Ақмәди Сарбасов пара алғаны үшін 4 жылға сотталды. Ол да мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды. Алайда сот оны қызмет бабын асыра пайдалану арқылы ауыр зардап келтірді деген айып бойынша ақтап шықты.
"Ол орталыққа басшы болып келгеннен кейін табысты бөлу үлесін теңестіру үшін шаралар қабылдаған. Қосымша келісімге өзі қол қоймаған. Бұл қызметте небәрі екі жарым ай жұмыс істегендіктен, сот оның осы айып бойынша кінәсі дәлелденбеді деп есептейді", – деді судья Құралай Дарханова.
Осы іс бойынша Еңбек ресурстарын дамыту орталығының екі қызметкері Тәуке Болатбаев пен Ақжол Дошимов та сотталды. Олар компьютерлік жүйеге зиянды бағдарлама орнатуға және оны пайдалануға кінәлі деп танылды. Сот екеуіне де үш жыл жаза тағайындағанымен, рақымшылыққа байланысты мерзімдерін бір жылға қысқартты. Бұған дейін екі қызметкер ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жүрген. Алайда үкім жарияланған 11 қарашада олар сот залында қамауға алынды. Сондай-ақ жазасын өтеп шыққаннан кейін бір жыл бойы ақпараттық жүйелер, байланыс және компьютерлік бағдарламалар саласында жұмыс істеуіне тыйым салынды.
2 миллиард теңгенің тағдыры не болды?
Сот пара ретінде берілген 75 мың долларды мемлекет пайдасына тәркілеу туралы шешім қабылдады. Ал Еңбек ресурстарын дамыту орталығының ала алмаған 2 миллиард теңгеден астам қаражатын өндіріп алу туралы талапты қанағаттандырмады. Судья бұл ақшаның тікелей ұрланған қаражат емес, мекеменің қолына тимеген табысы деп түсіндірді.
"2 миллиард теңгеден астам қаражат – Еңбек ресурстарын дамыту орталығының ала алмаған пайдасы. Бұл мәселе қылмыстық іс аясында қаралмайды. Орталық өкілдері ақшаны өндіріп алу үшін азаматтық сотқа жүгіне алады", – деді судья.
Осылайша, бұрынғы екі вице-министр мен олардың сыбайластарына қатысты сот үкімі шыққанымен, мемлекеттік орталықтың жоғалтқан табысы әзірге қайтарылған жоқ. Енді 2 миллиард теңгеден астам қаражатты өндіріп алу мәселесі бөлек сотта қаралуы мүмкін.
Еске салайық, 12 қарашада ұлттық қауіпсіздік комитеті сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі "Самұрық-Қазына" басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты, "Қазақстан темір жолы" басшысы Елжас Отаншиевті және басқа да тұлғаларды ұстағанын жазған едік. ҰҚК мәліметінше, олар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген. Қазір істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы туралы өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.
13 жыл бұрын үздік атанған алты шенеуніктің бесеуі сотталып кетті: Бұған не әсер етті
