Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ERG кімге бұйырады? Еуразиялық топтың иелері бизнесті екіге бөлмек

Фото: ERG

Еуразиялық ресурстар тобының (Eurasian Resources Group — ERG) иелері тау-кен өндіруші алпауытты екі бөлек компанияға бөліп, басқаруды қайта қарастыруды жоспарлап отыр. Әзірленіп жатқан реструктуризация жоспары бойынша қазақстандық активтер жеке қалып, халықаралық жобалар бөлек компанияға шығарылуы ықтимал. Бұл туралы Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап, Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

 

Бизнес қалай бөлінеді?

Қазіргі уақытта ERG негізгі кірісін Қазақстандағы темір рудасы, феррохром және алюминий өндірісінен алады. Сонымен қатар топтың Африка мен Бразилияда да активтері бар. Жағдаймен таныс дереккөздердің мәліметінше, бұл бөлініс бизнес иелері Шахмурат Муталип пен Шухрат Ибрагимов арасындағы өкілеттіктерді нақтылауға бағытталған.

  • Шухрат Ибрагимовтың бағыты: 2024 жылдан бері компанияны басқарып келе жатқан Шухрат Ибрагимов өз отбасына тиесілі 20% акцияны халықаралық бизнеске айырбастайды. Ол негізгі назарын Конго Демократиялық Республикасындағы қарқынды дамып келе жатқан тау-кен секторларына, атап айтқанда, әлемдегі ең ірі кобальт өндірушілердің бірі — Metalkol жобасына шоғырландырады.

  • Шамамен 2 миллиард доллар (шамамен 944,9 миллиард теңге) қарыздық міндеттемелер Шухрат Ибрагимов басқаратын жаңа халықаралық компанияға беріледі деп күтілуде.

Өзгерістердің мәні неде?

Егер бұл бөліну жүзеге асса, ERG төңірегіндегі көп жылдық белгісіздік аяқталып, жаңа халықаралық компанияға Конгодағы концессияларға байланысты мәселелерді шешуге тура келеді. Бұл үдеріс халықаралық инвесторлардың стратегиялық маңызды металдарға деген қызығушылығы артқан кезіне тұспа-тұс келіп отыр.

Қазіргі уақытта тараптар мен ERG өкілдері бұл ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме беруден әзірге бас тартып отыр. Келіссөздердің жабық сипатта өтуіне байланысты толық мәліметтер кейінірек жарияланады деп күтілуде.

Айта кетейік, бұған дейін Қайрат Сатыбалдының "Байсат" базарын ERG бас директоры сатып алғаны белгілі болды. 

 

Айнура Дарибаева
Сейсенбі, 17 Қараша, 2026 14:34