Әйелі ортақ мүліктегі үлесінен бас тартқан: Ажырасқан ерлі-зайыптының шетелде рәсімдеген құжатын Қазақстан соты қабылдамады
Қазақстанда ажырасқан ерлі-зайыпты ортақ мүлкін бөлісе алмай, сотқа жүгінген. Дау кезінде бұрынғы әйелі Солтүстік Кипрде ортақ мүліктегі өз үлесінен бас тартатыны туралы құжат рәсімдегені белгілі болды. Алайда Қазақстандағы апелляциялық сот бұл құжатты заңдастырылмаған деп, дәлел ретінде қабылдамаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Конституциялық Соттың мәліметінше, арыз-шағым ерлі-зайыптылардың некеде бірге жинаған мүлкін бөлуге қатысты дауға байланысты берілген.
“Неке бұзылғаннан кейін бұрынғы әйелі Солтүстік Кипрде ортақ мүліктегі өз үлесінен бас тартатыны туралы құжат рәсімдеген. Алайда апелляциялық сот бұл құжатты Қазақстанда заңдастыру қажет деп тауып, оны дәлел ретінде қабылдамаған. Сот жазбасында өтініш берушінің пікірінше, бұл ретте Қазақстан қосылған Гаага конвенциясының талаптары ескерілмегені көрсетілген”, – делінген хабарламада.
Ал Халықаралық жеке құқық жөніндегі Гаага конференциясы аясында әзірленген бұл Конвенцияның халықаралық құқықтық ынтымақтастық үшін маңызы зор.
“Конвенция ресми құжаттарды шетелде пайдалануды жеңілдетеді. Ол үшін бұрынғыдай консулдық арқылы заңдастырудың орнына апостиль қою жеткілікті. Бұл тәртіп Конвенцияға қосылған бір елде берілген құжатты оған қатысушы басқа елде пайдаланған кезде қолданылады. Осылайша, елдер арасындағы құжат алмасу жеңілдеп, халықаралық қатынастарда заңға қатысты түсініспеушіліктердің алдын алуға мүмкіндік береді”, – делінген хабарламада.
Конституциялық Сот өтінішті қарап, азаматтың шағымы заңның Конституцияға сәйкестігіне емес, соттың нақты істі қарау кезінде заңды қалай қолданғанына қатысты екенін анықтады. Яғни азамат сот шешімімен келіспей, оның қаншалықты дұрыс шығарылғанына баға беруді сұраған. Конституциялық Сот заңдар мен басқа да құқықтық құжаттардың Конституцияға сәйкестігін ғана қарай алады. Ал нақты істерде заңды қолдану, дәлелдерді бағалау және сот шешімінің заңды не заңсыз екенін анықтау басқа соттардың міндетіне жатады.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда ерлі-зайыпты ажырасқанда ипотека мен қарыз қалай бөлінетінін жазған едік. Ерлі-зайыпты некені бұзып, бөлу кезінде пәтердің өзі ғана емес, ипотеканың өтелмеген қарызы да ескеріледі. Яғни, мүлікті өзіне қалдырып, оған қатысты қарыздан бас тарту мүмкін емес.
13 жыл бұрын үздік атанған алты шенеуніктің бесеуі сотталып кетті: Бұған не әсер етті