Алматыда өрт сөндіру көлігімен соқтығысқан Toyota жүргізушісі оқиға орнында қаза тапты
Жол апаты 17 қарашаға қараған түні сағат 00:40 шамасында Әуезов пен Тимирязев көшелерінің қиылысында болған. Әлеуметтік желіде оқиға орнынан түсірілген видео тарады. Кадрлардан соқтығысқан көліктер мен оқиға орнына келген жедел қызмет мамандарын көруге болады.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, қиылыста өрт сөндіру қызметінің арнайы көлігі мен Toyota Camry соқтығысқан.
Алдын ала ақпарат бойынша, өрт сөндіру көлігі шақыртуға арнайы жарық белгілерін қосып бара жатқан. Кейін көше қиылысынан өтіп бара жатқанда жеңіл көлікпен соқтығысқан.
"Жол апаты салдарынан жеңіл көліктің жүргізушісі ауыр жарақат алып, медициналық көмек көрсетілгеніне қарамастан оқиға орнында көз жұмды. Ал өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі ауруханаға жеткізілді", – деп хабарлады полиция.
Адам өліміне әкелген жол апатына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір полиция оқиғаның мән-жайы мен апаттың нақты себебін анықтап жатыр.
Еске салсақ, бұған дейін Астанада жолаушылар автобусы жолдың белгіленбеген жерінен өтіп бара жатқан қызды қағып кеткен еді. Оқиға 28 қазанда Байтұрсынов көшесінде болып, автобустың күрт тежелуі салдарынан қоғамдық көліктегі үш жолаушы да жарақат алды. Зардап шеккен төрт адам ауруханаға жеткізілген.
13 жыл бұрын үздік атанған алты шенеуніктің бесеуі сотталып кетті: Бұған не әсер етті
