Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда әрбір 20-шы ер адамның тестостерон деңгейі төмен болып шықты: Себеп артық салмақ пен қандағы қант деңгейі

ерлер арасында тестостерон төмен, семіздік
Фото: magnific.com

Ғалымдар Қазақстандағы ер адамдардың денсаулығын зерттеді. Нәтижесінде әрбір 20-шы ер адамның қанындағы тестостерон деңгейі төмен болып шықты. Ғалымдар мұның себебін анықтау үшін 3 мыңнан аса ер адамның денсаулығын зерттеген. Нәтижесінде гормон деңгейіне жас ұлғаюынан гөрі артық салмақ пен қандағы қант мөлшерінің жоғары болуы көбірек әсер ететуде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.  

Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің зерттеушілері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) STEPS бағдарламасы аясында 2025 жылы Қазақстанда жүргізілген ұлттық зерттеу деректерін талдаған.  

Бұл зерттеуге 18-69 жас аралығындағы 3 083 ер адам қатысқан. Ғалымдар олардың қанындағы тестостерон деңгейін тексеріп, гормон мөлшері литріне 8 наномольден төмен болған жағдайларды жеке қарастырған. Бұл көрсеткіш тестостерон тапшылығының ықтимал белгісі ретінде алынады. Нәтижесінде Қазақстандағы ер адамдардың 5,3 %-ында тестостерон деңгейі төмен екені анықталған. Басқаша айтқанда, шамамен әрбір 20-шы ер адамда осындай көрсеткіш тіркелген.

Зерттеушілер артық салмақтың гормон деңгейіне әсерін де анықтаған. Қалыпты салмақтағы ер адамдармен салыстырғанда, артық салмағы бар қатысушыларда тестостерон тапшылығының ықтималдығы 2,05 есе жоғары болған. Олардың қанындағы гормонның орташа мөлшері де 15 %-ға төмен шыққан. Ал семіздігі бар ер адамдарда бұл қауіп 4,58 есе артқан. Олардың тестостерон деңгейі қалыпты салмақтағы қатысушылармен салыстырғанда 24,8 %-ға төмен болған.

Қандағы қант деңгейі мен тестостерон арасында да байланыс байқалған. Мәселен, предиабет белгілері бар ер адамдарда гормон тапшылығының ықтималдығы 2,39 есе жоғары болған. Ал қант диабетіне тән көрсеткіштері бар қатысушыларда бұл қауіп 3,49 есеге дейін жеткен. Бұл топтарда тестостерон деңгейі тиісінше 19 және 24,5 %-ға төмен болған.

Бір қызығы, алғашқы талдау кезінде жас ұлғайған сайын тестостерон деңгейінің төмендеу ықтималдығы да артатыны байқалған. Мысалы, 60-69 жастағы ер адамдарда бұл көрсеткіш 18-29 жастағыларға қарағанда 1,84 есе жоғары болған. Бірақ ғалымдар дене салмағы мен қандағы қант деңгейін де есепке алғанда, жастың жеке әсері статистикалық тұрғыдан расталмаған.

Зерттеушілер мұны егде жастағы ер адамдар арасында артық салмақ, семіздік және қандағы қант мөлшерінің бұзылуы жиірек кездесетінімен түсіндіреді. Сонымен қатар бұл екіжақты байланыс екенін атап өткен. Яғни, зат алмасудың бұзылуы тестостеронның бөлінуіне кері әсер етсе, гормонның азаюы да ағзада инсулинге төзімділікті арттырып, ішкі ағзалар айналасына май жиналуына ықпал етуі мүмкін.

Сонымен бірге ғалымдар тестостерон деңгейінің төмен болуы бірден ауру диагнозын қоюға негіз болмайтынын ескертеді. Мәселен, қандағы гормон мөлшері литріне 8 наномольден төмен болса да, бұл өздігінен клиникалық гипогонадизм бар дегенді білдірмейді. Диагноз қою үшін тез шаршау, бұлшықет массасының азаюы, жыныстық құштарлықтың төмендеуі сияқты белгілер ескерілуі керек. Бұған қоса, тестостерон деңгейін таңертең бірнеше рет тексеріп, гормондық жүйенің жұмысын бағалау қажет.

Зерттеу авторлары ер адамдардың гормондық денсаулығын сақтау үшін дене салмағын бақылап, қандағы қант деңгейін үнемі тексеріп отыру маңызды екенін айтады. Олардың сөзінше, артық салмақ пен предиабетті ерте анықтау жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін азайтып қана қоймай, гормон деңгейін қалыпты ұстауға да көмектеседі.

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық әйелдер ер адамдардың вазэктомия жасатуын талап еткен еді. Урологтың айтуынша, вазэктомия – контрацепцияның ең сенімді, ұзақ мерзімді әдістерінің бірі. Оның тиімділігі 99% жоғары.

Гүлсезім Мұхатай
Сейсенбі, 17 Қараша, 2026 10:40