Ne Prosto Orchestra Алматыдағы Республика сарайында концерт қоя алмай жүр: Әкімдік түсініктеме берді
Алматыдағы Ne Prosto Orchestra ұжымы бірнеше айдан бері Республика сарайында концерт өткізе алмай жүргендерін. Музыканттардың айтуынша, сарай әкімшілігі залды жалға алу ақысынан бөлек, билет сатылымынан түскен жалпы табыстың 2%-ын төлеуді талап еткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оркестр өкілдерінің сөзінше, олар Республика сарайында алты айға алдын ала концерт күндерін брондаған. Алайда сарай әкімшілігі "Алматы әуендері" билет операторымен қосымша келісімшарт жасалмайынша, іс-шара өткізуге рұқсат бермеген.
Музыканттардың айтуынша, келісімшарт талабына сәйкес, ұйымдастырушылар залды жалға алу ақысынан бөлек, барлық билеттің сатылымынан түскен табыстың 2%-ын аударуы керек.
Оркестр неге қосымша төлемге қарсы?
Ne Prosto Orchestra өкілдері концерт билеттерінің 98-99%-ы Ticketon және басқа да тәуелсіз платформалар арқылы сатылатынын айтады. Ал Республика сарайының билет жүйесі арқылы, олардың мәліметінше, әдетте 20 билеттен аспайды. Залдың жалпы сыйымдылығы шамамен 2500 орын.
Соған қарамастан, қосымша төлем тек сарай операторы сатқан билеттерден емес, концерттің жалпы табысынан есептеледі.
Оркестр бұл мәселені шешу үшін залды жалға алу ақысын көтеруді, бірақ билет сататын платформаны өздері таңдау мүмкіндігін беруді ұсынған. Алайда тараптар келісімге келе алмаған.
Республика сарайының әкімшілігі қосымша келісімшарт қажеттігін терроризмге қарсы қауіпсіздік талаптарымен және көрермендердің кіріп-шығуын бақылау қажеттігімен түсіндірген. Ал оркестр өкілдері қауіпсіздік талаптарын орындауға дайын екенін, бірақ оның билет сатылымынан міндетті түрде пайыз аударумен қандай байланысы бар екенін түсінбейтінін жеткізді.
Әкімдікке арналған билеттер сатылымнан табылған
Оркестр өкілдері билет тарату жүйесінің ашықтығына да қатысты мәселе көтерді. Олардың айтуынша, бастапқыда Алматы әкімдігі мен басқа ұйымдарға деп брондалған билеттер кейіннен қайта сатылымнан табылған.
Ұжым бұл жағдайды растайтын бейнематериалдары бар екенін айтып, ресми тексеру жүргізуді талап еткен.
Музыканттардың сөзінше, соңғы алты айда Республика сарайының басшылығына, Алматы қаласының мәдениет басқармасына, мәслихатқа және басқа да мемлекеттік органдарға бірнеше рет жүгінген. Алайда кездесулерде мәселені шешуге уәде берілгенімен, концерт өткізу шарттары өзгермеген.
Осыдан кейін Ne Prosto Orchestra Қазақстанның бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне өтініш жолдаған. Дегенмен мұндай мәселелерді қарау бір жыл немесе одан да ұзақ уақытқа созылуы мүмкін. Сондықтан әзірге ұжым Республика сарайында жаңа концерттерін жоспарлай алмай отыр.
Оркестр өкілдері осындай талаптарға "Алматы Арена" алаңында да тап болғанын айтады. Олардың сөзінше, онда да ұйымдастырушылардан залды жалға алу ақысынан бөлек, билет сатылымынан қосымша пайыз төлеу талап етіледі.
Ұжым Қазақстанда жұмыс істеген және әлемнің сегіз елінде концерт берген уақытында басқа концерттік алаңдардан мұндай тәжірибені кездестірмегенін мәлімдеді.
Алматы әкімдігі жағдайға қатысты түсініктеме берді
Алматы әкімдігінің мәліметінше, 2018 жылы "Алматы әуендері" коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны (КМҚК) Республика сарайында билеттерді брондау және сату бойынша автоматтандырылған жүйе енгізген.
Қазір кәсіпорын Kassir.kz, Ticketon.kz, Zakazbiletov, "Билеты Астаны", Kino.kz, Topbilet.kz және Kassy.kz сияқты жеті тәуелсіз билет операторымен жұмыс істейді. Бұдан бөлек, билеттер мекеменің ресми сайты мен кассаларында сатылады.
Әкімдік мәліметінше, әр оператор билеттерге жеке бірегей код береді. Бірыңғай жүйе болмаған жағдайда көрермендердің билеттерін тексеру үшін кіреберісте жеті бөлек жүйені қолдануға тура келер еді.
"2%-дық комиссия билет операторларымен жасалған келісімдерге сәйкес бірыңғай билет жүйесін пайдаланғаны үшін алынады. Бұл қаражат іс-шара ұйымдастырушыларынан тікелей алынбайды", – делінген әкімдік хабарламасында.
Сондай-ақ билет операторлары өз қызметтері үшін 6-20% аралығында сервис алымын белгілейтінін, ал "Алматы әуендері" бұл тарифтерді реттемейтінін атап өтті.
Қала әкімдігінің мәліметінше, 2%-дық комиссиядан түскен қаражат "Алматы әуендері" кәсіпорнының ресми есепшоттарына аударылады.
Бұл ақша қызметкерлердің еңбекақысына, көрермендердің кіруін бақылау және басқару жүйесіне, серверлік инфрақұрылымды күтіп ұстауға және басқа да техникалық қажеттіліктерге жұмсалады.
Мекеме өкілдері 2018 жылдан бері оркестрдің Республика сарайында бірнеше рет концерт өткізгенін де еске салды. Сол кезде ұжым орындарды брондау, билеттерді сату мен есепке алу, сондай-ақ көрермендердің кіруін бақылау үшін кәсіпорынның инфрақұрылымын пайдаланған.
Ал Ne Prosto Orchestra Алматыда концерт беруді тоқтатпайтынын мәлімдеді. Ұжым залды жалға алу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және нақты көрсетілген қызметтер үшін ақы төлеуге дайын. Алайда билет сатылымынан түскен жалпы табыстың бір бөлігін қосымша аудару талабын негізсіз деп санайды.
Еске салсақ, бұған дейін Қайрат Нұртастың концертін ұйымдастырушы адам санынан көп билет сатқаны үшін қамауға алынғаны туралы жазған едік.
