Алматы метросындағы зағип жігіттің қазасы: Бұрынғы қызметкер, 5 баланың анасы сот алдында жауап беріп жатыр
Алматы метросында көзі көрмейтін 26 жастағы ер адам қаза тапқан оқиғаға қатысты іс сотқа жетті. Айыпталушы – қайғылы оқиға болған күні жолаушыны турникеттен өткізген метроның бұрынғы қызметкері. Енді оған жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 2024 жылдың 10 желтоқсанында "Абай" станциясында болған. Көзі көрмейтін ер адам рельске құлап кеткен. Оны құтқаруға тырысқан жолаушылар вагонды шайқап көргенімен, ер адамның өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.
Қазір осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс Алматы қаласы Медеу аудандық №2 сотында қаралып жатыр. Айыпталушы – метроның бұрынғы қызметкері, бес баланың анасы Майра Болатбекова. Оған Қылмыстық кодекстің 344-бабының 2-бөлігі бойынша, яғни көлік қозғалысы немесе оны пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзып, абайсызда адам өліміне әкеп соқтырды деген айып тағылған. Бұл бап бойынша 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Прокурордың айтуынша, ер адаммен бірге келген жігіт кейін кетіп қалған. Одан соң басқа жолаушылар көмек ұсынған. Алайда айыптау тарапы мұны бақылаушының қызметтік міндетін орындамауына себеп ретінде қарастыруға болмайтынын айтады. Тергеу нұсқасы бойынша, ер адам вагондар арасындағы кеңістікті пойызға кіретін есік деп ойлап, рельске құлаған. Пойыз қозғалған кезде ол ауыр жарақат алып, көз жұмған.
Сотта прокурор оқиғаға қатысты айыптау актісін оқып берді. Тергеу нұсқасы бойынша, Майра Болатбекова көзі көрмейтін жолаушыны байқаса да, бұл туралы станция кезекшісіне хабарламаған.
"Болатбекова жолаушының өздігінен әрі қауіпсіз жүре алмайтынын көрген. Алайда станция кезекшісіне хабарлаудың орнына оны тиісті қызметкерсіз турникеттен өткізген", – делінген айыптау актісінде.
“Ол күні кассада жұмыс істеп, тек бақылаушының орнына уақытша тұра тұрдым”
Майра Болатбекова сотта өз нұсқасын айтқан. Оның сөзінше, оқиға болған күні ол кассада жұмыс істеген. Алайда одан түскі үзіліске кеткен аға оператор бақылаушының орнына уақытша тұруды сұраған. Болатбекова метрода 2018 жылдан бері жұмыс істеген. 2024 жылдың мамырында декреттік демалыстан оралған. Алғашында турникет жанында бақылаушы болғанымен, кейін басшылықтың бұйрығымен касса операторына ауысқан. Дегенмен еңбек шартында бақылаушы болып тіркелген.
Айыпталушының айтуынша, сағат 15:00 шамасында турникетке көзі көрмейтін ер адам мен бір жас жігіт келген. Жігіт екеуін тегін өткізуді сұраған. Болатбекова тегін жүру үшін арнайы карта қажет екенін түсіндіріп, ер адамға турникеттен өтуге көмектескен.
"Мен әлгі жігіт оны ертіп жүр деп ойладым. Бірақ ол кетіп бара жатты. Мен артынан: “Қайда барасыз? Неге көзі көрмейтін адамды соңына дейін ертіп жүрмейсіз?” деп айқайладым. Ол: “Кешіріңіз, мен оның ертіп жүрушісі емеспін. Жай ғана өтіп бара жатқан студентпін, сабаққа асығып барамын” деп жауап берді. Екі метро қызметкері мен полиция қызметкерінен ер адамды платформаға дейін шығарып салуды сұрадым. Бірақ олар жұмыс орнын тастап кете алмайтынын айтып, көмектеспеді. Мұны естіген екі қыз жолаушыны өздері шығарып салуға келісті. Олар маған: “Уайымдамаңыз, тәте, оны керек жеріне дейін шығарып саламыз”, деді. Мен қарап тұрған жоқпын, көмек іздедім. Көзі көрмейтін адамды қалай жалғыз жібере аламын?" – дейді айыпталушы.
Айыпталушының сөзінше, мұндай жағдайда қызметкерлер көмек шақыру үшін SOS батырмасын басуы керек болған. Алайда оқиға болған күні батырма істемеген, ал метро қызметкерлерінде рация болмаған.
Адвокат Нұртуған Өмірзақтың айтуынша, метро қызметкерлері SOS батырмасының істемейтініне бұрын да шағымданып, арнайы журналға жазған. Алайда бұл жазбалар қылмыстық іс материалдарына енбеген. Болатбекова 2025 жылдың көктемінде жұмыстан шығарылған. Ол бұл шешімге қарсы сотқа жүгінгенімен, қызметіне қайта орала алмаған.

Қорғаушы тергеу толық жүргізілмеген деп санайды. Оның сөзінше, бастапқыда метроның басқа қызметкерлері де күдікті болған, бірақ тергеу кезінде тек турникет маңындағы камера жазбасы қаралған. Ал платформадағы қызметкерлердің әрекеті зерттелмеген. Сондықтан адвокат істі қосымша тергеуге жіберуді сұрамақ.
“Алға қойған жоспары көп болатын, кінәлілер жауапқа тартылсын”
Сотта марқұмның әкесі Нұржан Байтасов ұлы туралы айтып берді. Оның сөзінше, Қанат 5-сыныпта оқып жүргенде көру қабілетінен айырылған. Бірақ соған қарамастан, қалада өздігінен жүріп-тұруға дағдыланған. 26 жастағы жігіт Алматыда жеке тұрған. Оқып, қашықтан жұмыс істеген, тендерлермен айналысқан. Әкесі Қанаттың ипотекаға пәтер алып, несиесін өзі төлегенін, атасына да көмектесіп тұрғанын айтты.
"Ол өте көңілді бала еді. Оқумен қатар жұмыс істеді. Алға қойған жоспары көп болатын. Әлі күнге дейін оның қайтыс болғанына сене алмаймыз. Қазір де есіктен кіріп келетіндей көрінеді", – деді Нұржан Байтасов.
Сотта әкесінен Қанаттың оқиға болған күні метрода неге жалғыз жүргені де сұралған. Нұржан Байтасов ұлының қаланы жақсы білетінін және өздігінен жүре алатынын айтты. Қанаттың жеке көмекшісі болған, бірақ ол оның көмегіне тек қажет кезде жүгінген. Нұржан Байтасов соттан ұлының өліміне кінәлі адамдарды жауапқа тартуды сұрады. Қазір сот отырыстары жалғасып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы метрода көзі нашар көретін 26 жастағы жігіт рельске құлап, көз жұмғаны туралы жазған едік. Видеодан куәгерлердің вагонды итеріп, оны шығарып алмақ болғанын көруге болады. Полиция мен жедел жәрдем оқиға орнына шұғыл жеткенімен жігітті аман алып қала алмады.
Алматыдағы құны 1,5 миллиард теңгелік крематорийде жарты жылда небәрі 30 адам өртелген: Қызмет қанша тұрады