Сәбіз бен қой еті 19%-ға дейін қымбаттады: Ресми инфляция неге дүкендегі бағамен сәйкес келмейді
Ресми есеп бойынша жыл басынан бері әлеуметтік азық-түлік бағасы небәрі 2%-ға ғана өскен. Алайда дүкенге барған қазақстандықтар мүлде басқа көрініске тап болады: сәбіз бен қой еті 17–19%-ға қымбаттаса, жылдық азық-түлік инфляциясы 7,6%-ға жеткен. Статистика неге “төмен” сан көрсетіп тұр, ал қалтадағы шығын неге өсіп жатыр? Stan.kz қаржы сарапшысымен бірге ресми сандардың астарын талдап, әр отбасы өз “жеке инфляциясын” қалай есептей алатынын анықтады.
2% бен 7,6%: екі түрлі сан нені өлшейді?
Көпшілік Ұлттық статистика бюросының апталық есебіндегі 2% бен айлық инфляциядағы 7,6% көрсеткішін салыстырып, “қайсысына сенеміз?” деп сұрайды. Шын мәнінде, бұл екі сан мүлде бөлек нәрсені өлшейді:

Бұл көрсеткіштер барлық тауар бірдей 2%-ға немесе 7,6%-ға қымбаттады дегенді білдірмейді. Бір өнім күрт қымбаттаса, екіншісі арзандауы мүмкін. Айта кетерлігі, бұрын әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміне 19 өнім ғана енсе, кейін бұл тізім 31 тауарға дейін кеңейтілді.

Тәуелсіз қаржы сарапшысы Андрей Чеботаревтің айтуынша, екі көрсеткіштің арасында ешқандай қайшылық жоқ:
“Бұл екі санды тікелей салыстыруға болмайды, өйткені олар әртүрлі кезең мен тауарлар жиынтығына негізделген. 2%-дық өсім — бағасын мемлекет қадағалап отыратын ең негізгі тауарлардың ағымдағы кезеңдегі өзгерісі ғана. Көрсеткіштің қай уақыт аралығына және қандай себетке есептелгеніне әрдайым мән беру керек, әйтпесе тек тар шеңбердегі ахуалды көрсететін әдемі әрі кішкентай санға алданып қалу оңай”, — дейді сарапшы.
Сәбіз бен қой еті неге қымбаттады?
Ұлттық статистика бюросының 11 қарашадағы апталық кестесінде бағалар былтырғы жыл соңындағы деңгеймен салыстырылған. Төмендегі кестеде жыл басынан бері бағасы ең қатты құбылған әлеуметтік маңызы бар өнімдер көрсетілген:

Бұдан бөлек, ақ қауанды қырыққабат — 7,7%-ға, түтік кеспе (рожки) — 7,2%-ға, тауық еті — 6,3%-ға, сиыр еті — 2,8–5,4%-ға, ал бірінші сұрыпты ұннан жасалған нан 3,2%-ға қымбаттаған. Керісінше, қант пен балық 5%-дан, пияз 3,7%-ға арзандады.
Тәуелсіз қаржы сарапшысы Андрей Чеботаревтің айтуынша, бағасы 17–19% шамасында өскен негізгі екі өнім — сәбіз бен қой етінің қымбаттауына әртүрлі нарықтық факторлар әсер еткен:
-
Сәбіз (+18,9%) неге өсті? Біріншіден, маусымдық фактор әсер етті — күздің соңына қарай ашық алқаптан жиналатын өнім аяқталып, нарықта қоймада сақталған өнімнің үлесі артады. Екіншіден, көкөністі қыста бұзбай сақтау (температураны ұстап тұру, электр энергиясы мен қойманы күтіп-ұстау) шығындары өнімнің өзіндік құнын тікелей қымбаттатады.
-
Қой еті (+16,8%) неге қымбаттады? Мұнда бірнеше фактор қабаттасқан: жем-шөптің қымбаттауы мен малды күтіп-бағу шығындарының артуы, мал шығыны (падёж), сондай-ақ ішкі нарықтағы жалпы ет тапшылығы. Бұған сыртқы нарықтардан түсетін экспорттық сұраныс қосылып, ішкі бағаны жоғары итермелеп отыр.
Ал қияр (-58%), қызанақ (-21,8%) және алманың (-15,1%) арзандауын сарапшы маусымдық толқынмен және “жоғары база әсерімен” түсіндіреді:
“Былтыр дәл осы кезде қияр, алма мен қызанақ қымбат болған, қазір жергілікті өнім мен жылыжай көкөністері көптеп шығып, бағасы арзандады. Жалпы индекс — бүкіл елдің жағдайын орташалап шығаратын көрсеткіш қана. Мәселен, еттің қымбаттағаны мен қиярдың арзандағанын қосып орташалағанда, екеуі бірін-бірі жауып, нәтижесінде 2% деген мардымсыз өсім шығады. Іс жүзінде себеттегі өнімдердің бағасы бірі өсіп, бірі түсіп, әр бағытта құбылып тұр”, — дейді қаржы сарапшысы.
Өңірлер мен сауда орындарындағы баға да бірдей емес. Оңтүстіктегі аграрлық облыстарда көкөніс арзан әрі тез арзандайды, ал батыс пен солтүстік өңірлерде логистикаға байланысты бәрі қымбатырақ. Тіпті бір өнімнің өзі супермаркет пен базарда әртүрлі бағамен сатылады.
Дүкендегі чек неге ресми есептен алшақ?
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, биылғы қаңтардан бастап инфляцияны есептеу кезінде азық-түліктің үлесі 41,1% болып белгіленген (азық-түлікке жатпайтын тауарлар — 28,4%, ақылы қызметтер — 30,5%). Демек қазақстандықтар табысының үлкен бөлігін тамаққа жұмсайтындықтан, бағаның өсуі ең алдымен күнделікті дастарқаннан сезіледі.
Ал ресми сандар мен дүкендегі чектің сәйкес келмеуінің үш себебі бар:
-
Тұтыну себеті кең: Ресми инфляция 500-ден астам тауар мен қызметті қамтиды. Оның ішінде күнделікті тамақтан бөлек, сирек алынатын техника, киім мен түрлі қызметтер бар.
-
Шығын құрылымы әртүрлі: Отбасы табысының басым бөлігін азық-түлікке жұмсаса, оның бюджетіне ең алдымен ет, сүт, нан және көкөністің қымбаттауы ауыр тиеді.
-
Сауда орны бөлек: Статистика өкілдері бағаны ірі супермаркеттер мен ресми базарлардан алады, ал үй жанындағы шағын дүкендерде баға әдетте жоғары болады.
Отбасылық бюджетті қалай жоспарлау керек?
Қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев жеке шығындарды жоспарлағанда ресми инфляцияға сүйенудің тиімсіз екенін айтады:
"Сіздің жеке инфляцияңыз — дәл өзіңіз тұтынатын себеттегі тауарлардың қымбаттауы. Егер отбасы етті көп жесе, оның нақты инфляциясы есептегі 2%-ға емес, қой етінің қымбаттау қарқынына жақын болады. Бұл ресми статистика қате деген сөз емес — бар болғаны бүкіл елдегі орташа ахуалды ғана білдіреді", — дейді сарапшы.
Жеке инфляцияны қалай есептейміз?
-
Тұрақты себетті анықтаңыз: Отбасыңыз ай сайын міндетті түрде сатып алатын 10–15 негізгі тауардың тізімін жасаңыз (мысалы: ет, сүт, нан, картоп, сәбіз, май, қант, шай).
-
Бағаны тіркеп отырыңыз: Ай сайын сол тауарлардың бағасын жазып алыңыз немесе дүкен мен банк қосымшасындағы чектерді сақтаңыз.
-
Өзгерісті есептеңіз: Бір-екі айдан кейін дәл сол 10–15 тауардың жалпы құны қанша пайызға өскенін салыстырыңыз.
Сарапшының пікірінше, тұрмыстың қаншалықты қымбаттағанын жалпы индекс емес, дәл осы жеке есеп нақты көрсетеді.
Айта кетсек, бұған дейін қазақстандықтар ақшасының 42%-ын тамаққа жұмсайтыны белгілі болды.