Нұрлан Артықбаев Kcell акцияларының 15%-ға жуығына иелік ететін компаниясын шетелдік инвесторға өткізді
Қазақстандық кәсіпкер Нұрлан Артықбаев Kcell мобильді операторының 14,87% акциясына иелік ететін KC Holding Ltd компаниясының құрылтайшылары қатарынан шықты. Астана халықаралық қаржы орталығының тіркеу деректеріне сәйкес, холдингтің жаңа иесі ретінде шетелдік RTelecom Holding LTD компаниясы көрсетілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жаңа иесі — RTelecom Holding LTD туралы не белгілі?
Ашық дереккөздерге сәйкес, дәл осындай атаумен тіркелген компания Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби халықаралық қаржы орталығында орналасқан. Компанияның ресми сайтындағы мәлімет бойынша, RTelecom Holding LTD Азияның дамушы елдеріндегі телекоммуникация секторына инвестиция салуға маманданған. Атап айтқанда, араб компаниясы мобильді байланыс операторларын қаржыландырып, 4G, 5G желілерін дамыту және ауылдық елді мекендерді байланыспен қамту жобаларына қаржы құяды.
RTelecom Holding LTD директоры ретінде Нұрхан Килич көрсетілген. Ол бұған дейін Түркияның ең ірі телекоммуникациялық компаниясы — Turk Telekom-да қазынашылық және корпоративтік қаржы жөніндегі директор қызметін атқарған. Сондай-ақ Түркияның ірі жекеменшік газ тобы Akfel Holdings пен Ereğli Iron & Steel Works металлургиялық компаниясында басшылық лауазымдарда болған.
Дегенмен RTelecom Holding LTD компаниясының түпкілікті нақты иелері ашық деректерде жарияланбаған. Ал Kcell мобильді операторының ресми сайтында акционерлер құрамының өзгергені туралы ақпарат әзірге жаңартылған жоқ. (Компанияның бақылау пакеті — 51%-ы бұрынғыдай “Қазақтелекомға” тиесілі).
Бұл актив бұған дейін кімдердің қолында болды?
KC Holding Ltd компаниясының меншік иелері кейінгі екі жылда бірнеше рет ауысқан:
-
2024 жылғы сәуір: Компанияны АХҚО-да кәсіпкер Ғалымжан Есенов тіркеп, өзіне тиесілі Kcell-дің 14,87% акциясын осы холдингке аударды;
-
2025 жылғы қазан: Холдингті миллиардер, Kaspi.kz тең иесі Вячеслав Ким сатып алды;
-
2026 жылғы сәуір: Qazaq Stroy негізін қалаушы әрі "Қазақмыс" иесі Нұрлан Артықбаев Вячеслав Кимнен KC Holding Ltd компаниясын сатып алып, оның жалғыз иесі атанған еді.
Артықбаев телеком нарығындағы өзге де активтерінен шыға бастаған
Айта кетерлігі, бұл Нұрлан Артықбаевтың телекоммуникация саласындағы активтерінен бас тартуының алғашқы жағдайы емес. "Ручная экономика" басылымы жазғандай, 2026 жылдың қыркүйегінде бизнесмен өзінің тағы бір компаниясы — Telecom Systems құрылтайшылары қатарынан шыққан болатын.
Дәл осы Telecom Systems арқылы Артықбаев 2024 жылдың соңында Jusan Bank-тен (қазіргі Alatau City Bank) “Қазақтелекомның” 8%-дан астам акциясын сатып алып, ұлттық оператордың капиталына кірген еді. Кейіннен Telecom Systems-тің жаңа иесі ретінде кәсіпкер Дәурен Керейбаевқа тиесілі TECH-Q ЖШС тіркелді. Ал меншік иесі ауысқан сәтте Telecom Systems балансында “Қазақтелеком” акциялары қалмаған.
Бір қызығы, Дәурен Керейбаев бұған дейін Ғалымжан Есенов пен Марғұлан Сейсембаевтың бизнес-топтарымен байланысы бар тұлға ретінде танылған, сондай-ақ Артықбаевтың KC Holding компаниясының өкілі әрі бас директоры қызметін атқарған.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда мобильді интернеттің бағасы әлемдік орташа көрсеткіштен төрт есе төмен екені белгілі болды.
