"Айтарға сөзім жоқ!" Димаш Құдайберген Мексикадағы жанкүйерлерінің ерекше сыйына таңғалды
Әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Мексиканың Монтеррей қаласында жанкүйерлері дайындаған ерекше тосынсыйды көріп қайтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әнші әлеуметтік желідегі парақшасында қала көшелерінің бірінде өз бейнесі муралды көрсетіп, жанкүйерлеріне алғыс айтты.
Димаш қазақстандық өнерпаздар Темірлан Олжабай, Расул Усманов, Олжас Құрманбек және Ернат Наурызбен бірге муралдың жанында ұлттық аспаптарда ойнап, ерекше музыкалық қойылым ұсынды. Өнерпаздардың қала көшесінде би билеп, қазақ әуендерін орындаған сәті видеоға түсірілген.
“Монтеррей, мені сөзбен айтып жеткізе алмайтындай әсерге бөледіңіздер! Осы әсем қаланың көшелерінің бірінде менің бейнем салынған муралды көру – ешқашан ұмытылмайтын сыйлық. Осындай ерекше ықылас пен ыстық сезімдеріңіз үшін шын жүректен алғыс айтамын! Ал біз өз кезегімізде сіздерге менен және талантты достарымнан ерекше музыкалық сыйлық дайындадық!” – деп жазды Димаш.
Әншінің жазбасы әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлерінің ыстық ықыласына бөленді.

Олар Монтеррей тұрғындарына алғыс айтып, қазақстандық өнерпазға деген сүйіспеншілігін білдірді.
“Димашқа осындай керемет сый жасаған Монтеррейдегі жанкүйерлерге рақмет! Димаш, сенің ерекше тұлға әрі ғажайып өнер иесі болғаның үшін алғыс айтамыз”, – деп жазды оқырмандардың бірі.
Тағы бір жанкүйер әншінің испан тілінде орындаған Bésame Mucho және Historia de un Amor әндерінің студиялық нұсқасын тыңдағысы келетінін жеткізген. Ал Аргентинадан пікір қалдырған тыңдарман Димаштың әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдарды өнерімен біріктіріп жүргенін атап өтіп, оған шығармашылық табыс тіледі.
Еске салайық, бұған дейін Мексикада Димаш Құдайбергенге арналған мурал пайда болғаны хабарланған еді. Димаштың алып бейнесі Монтеррей қаласының орталығындағы ғимараттардың бірінің қабырғасына салынған. Бұл бастаманы Dimash&DearsRegiasMty жанкүйерлер клубы Мексикадағы Dears por Dimash қауымдастығының қолдауымен жүзеге асырған. Ал суретті Antonio Art Mural есімімен танымал суретші Антонио салған.
Жанкүйерлердің айтуынша, бұл туынды – сүйікті әншісіне деген ықыластың ғана емес, Мексика мен Қазақстан арасындағы мәдени байланыстың да белгісі.