Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мексикада Димаш Құдайбергенге арналған мурал пайда болды

Димаш Құдайберген мурал
Фото: Dimash News

Мексиканың Монтеррей қаласында әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайбергенге арналған мурал пайда болды. Жергілікті жанкүйерлер өнер иесіне осылайша ерекше сый жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Dimash News-қа сілтеме жасап хабарлайды.

Димаштың алып бейнесі Монтеррей қаласының орталығындағы ғимараттардың бірінің қабырғасына салынған. Бұл бастаманы Dimash&DearsRegiasMty жанкүйерлер клубы Мексикадағы Dears por Dimash қауымдастығының қолдауымен жүзеге асырған. Ал суретті Antonio Art Mural есімімен танымал суретші Антонио салған.

Жанкүйерлердің айтуынша, бұл туынды – сүйікті әншісіне деген ықыластың ғана емес, Мексика мен Қазақстан арасындағы мәдени байланыстың да белгісі.

“Бұл жай ғана сурет емес. Бұл – мексикалық жанкүйерлердің Димашқа деген шынайы сүйіспеншілігі мен құрметінің көрінісі. Біз осы туынды арқылы Димаш пен оның туған жері Қазақстанға деген ерекше ықыласымызды білдіргіміз келді”, – дейді жанкүйерлер қауымдастығының өкілдері.

Димаш Құдайберген мурал
Фото: Dimash News

Айта кетейік, Димаш Құдайберген әлемдік турнесі аясында Мексикаға барды. Мерида қаласының әуежайында оны жүздеген жанкүйері күтіп алып, ұлттық әуендерімен қарсы алды.

Өнер иесі ерекше қошемет көрсеткен көпшілікке алғысын білдірді.

“Сәлем, Мексика! Сәлем, Мерида! Осындай ыстық ықыласпен қарсы алғандарыңызға рақмет! Концерттерге ерекше шабытпен дайындалып жатырмыз. Жақында кездесеміз. Біз сіздерді қатты жақсы көреміз!” – деп жазды әнші.

Димаштың Мексикадағы концерттері 11 қарашада Меридада, 14 қарашада Монтеррейде, 17 қарашада Гвадалахарада, ал 19 және 20 қарашада Мехикода өтеді.

Еске салайық, бұған дейін Димаш Құдайберген Испания астанасы Мадридте өткен жеке концертінен кейін жанкүйерлерімен кездескен сәтін көрсеткені хабарланған еді. Ал әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған тыңдармандар өнерпазға деген ыстық ықыласын білдіріп, әсерлі пікірлерін жаудырды.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 10 Қараша, 2026 12:20