"Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес": Димаштың Испаниядағы концертінен кейін жанкүйерлері әсерін бөлісті
Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Испания астанасы Мадридте өткен жеке концертінен кейін жанкүйерлерімен кездескен сәтін көрсетті. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған тыңдармандар өнерпазға деген ыстық ықыласын білдіріп, әсерлі пікірлерін жаудырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
30 қазанда Мадридтегі Palacio Vistalegre спорт сарайында Димаш Құдайбергеннің Испания астанасындағы алғашқы жеке концерті өтті. Бұл – әншінің 18 қазанда Польшаның Краков қаласында басталған DIMENSIONS атты әлемдік турнесі аясындағы үшінші концерті.
Концерт аяқталғанымен, жанкүйерлер сүйікті әншісімен қоштасуға асықпаған. Олар өнерпазды сыртта күтіп, жүздесуге үміттенген. Димаш та тыңдармандарының ықыласын жауапсыз қалдырмай, арнайы шығып, алғысын білдірді. Әнші жанкүйерлерімен суретке түсіп, қолтаңба таратты.
“Мадридтегі концерттен кейін. Баршаңызға шексіз алғыс! Бәріңізді жақсы көремін. Латын Америкасында кездескенше!” – деп жазды өнерпаз әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ал желі қолданушылары концерттен алған әсерлерін жарыса бөлісті.
“Мұндай әсерді елестетудің өзі мүмкін емес! Мадрид сені махаббат пен бақытқа бөледі. Бұл қандай керемет!”, “Мадрид сенің ғажайып әлеміңе еніп кетті. Біз де сол әлемнің бір бөлшегіне айналдық. Бұл жолғы концерт те сөзбен айтып жеткізгісіз әсер сыйлады”, “Сен біздің жүрегімізді біржола жаулап алдың. Бұл әлемде сендей жан жоқ, Димаш! Саған мың алғыс!” – деп жазды жанкүйерлері.
Осылайша, Димаш алдағы кездесудің Латын Америкасында өтетінін айтып, жанкүйерлерін тағы бір қуантты.
Еске салайық, бұған дейін Жапония радиосы Димаштың шығармашылығына арнайы эфир арнайтыны хабарланған еді.
"Бір бала жансақтау бөлімінде": Ташкентке жарысқа барған 16 бала таңғы астан уланып ауруханаға түсті