Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жапония радиосы Димаштың шығармашылығына арнайы эфир арнайды

Димаш Құдайберген
Фото: dimashnews.com

30 шілдеде Жапонияның Kiryu FM радиостанциясы Қазақстан мен Қырғызстанның халық әртісі Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына арналған Music Forever бағдарламасының арнайы шығарылымын ұсынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Dimashnews-тің мәліметінше, эфирдің басты жаңалықтарының бірі – Димаштың “Aqerke” атты жаңа әнінің Kiryu FM толқынында алғаш рет шырқалуы болмақ.

Жапон радиостанциясы Димаштың шығармашылығын жергілікті тыңдарманға 2020 жылдан бері таныстырып келеді. Осы уақыт ішінде әншінің барлық жаңа туындысы радио эфиріне ұсынылып, өнеріне бірнеше рет арнайы бағдарлама арналған.

Кезекті Dimash Special шығарылымы Dimash Japan Fan Club жапон жанкүйерлер клубы өкілдерінің қатысуымен дайындалады. Бағдарлама барысында “Aqerke” әнінен бөлек, Love’s Not Over Yet, Kieli Meken, Love of Tired Swans, Daididau, Omir және Olimpico композициялары шырқалады.

Music Forever бағдарламасы Гумма префектурасындағы Кирю қаласынан эфирге шығады. Бағдарламаны Кадзудзи Като мен Кёко Ямамото жүргізеді.

Димаш Құдайберген
Фото: dimashnews.com

Тұрақты шығарылымдар әр айдың бірінші және үшінші бейсенбісінде Жапония уақытымен сағат 19:06-дан 19:59-ға дейін көрсетіледі. Қайталау эфирі келесі күні сағат 11:06-да беріледі. Ал ай ішінде бесінші бейсенбі болған жағдайда, бағдарлама ұжымы арнайы музыкалық шығарылым әзірлейді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 29 Шілде, 2026 13:20
Талқылау