Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда мобильді интернет бағасы әлемдік орташа көрсеткіштен төрт есе арзан

мобильді аударымдар
Фото: Pexels

Қазақстанда 1 гигабайт мобильді интернеттің орташа бағасы шамамен 134 теңге. Бұл әлемдік орташа бағадан төрт есе төмен. Ал жылдам интернеті бар 55 елдің ішінде баға мен жылдамдық арақатынасы бойынша Қазақстан жетінші орында. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Бағаға қоса, қазақстандықтар мобильді интернетті көп тұтынады. Халықаралық электр байланысы одағының 2025 жылғы есебінше, Қазақстанда бір мобильді кеңжолақты байланысқа айына орта есеппен 23,6 гигабайт трафик тиесілі. Әлемдік орташа көрсеткіш — 15,3 гигабайт. Яғни Қазақстандағы көлем шамамен 54%-ға жоғары. 

SpeedGeo пайдаланушылардың 2025 жылғы шілдеден 2026 жылғы маусымға дейінгі өлшемдерін талдап, ел бойынша мобильді интернеттің орташа жүктеу жылдамдығын секундына 59,8 мегабит деп бағалаған. Бірақ өңірлердегі айырмашылық едәуір: 2025 жылғы сәуір мен 2026 жылғы наурыз аралығындағы өлшемдерде Шымкентте жылдамдық 92,3 Мбит/с болса, Таразда 42,6 Мбит/с болған.

Басқа елдермен салыстырғанда, Қазақстандағы мобильді интернет арзанырақ. Айлық тариф АҚШ-та орта есеппен 42,5 доллар (шамамен 19 мың теңге), Оңтүстік Кореяда 46,3 доллар (20,7 мың теңге), ал Швейцарияда 88,8 доллар (39,7 мың теңге) тұрады. 

Тариф құны мен жалақыға шаққандағы үлесі қандай?

Халықаралық салыстыруда Қазақстандағы мобильді интернеттің орташа айлық құны 10,65 доллар деп көрсетілген. 2026 жылғы 11 қарашадағы ресми бағаммен бұл шамамен 4 767 теңге. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылғы екінші тоқсанда орташа айлық жалақы 486 388 теңге болған. Осы орташа мәндермен есептегенде, интернеттің айлық құны жалақының шамамен 1%-ына тең. 

Операторлардың тарифтері бірдей емес. Мысалы, 2026 жылғы қазандағы салыстыруда айына 2 890 теңгеге 30 гигабайт ұсынатын пакет көрсетілген. Кейбір тарифтердің алғашқы айлардағы бағасы кейін қымбаттайды. 

Мобильді байланыс тарифтері де жалпы инфляциядан баяу өскен: 2020 жылғы желтоқсаннан 2026 жылғы қыркүйекке дейін тарифтер 58,4%-ға қымбаттаса, тұтыну бағаларының жалпы өсімі 86,8% болған. Дегенмен тұтыну мен желіге түсетін жүктеме артқан сайын операторларға инфрақұрылымды жаңартып, өткізу қабілетін көбейту қажет.

Айта кетсек, 2026 жылғы 20 тамыздан бастап байланыс операторлары тариф бағасы өсетінін абоненттерге кемінде екі ай бұрын SMS-пен ескертуі керек. Бұған дейін 30 күн бұрын хабарласа жеткілікті болатын. 

Айнура Дарибаева
Сәрсенбі, 11 Қараша, 2026 15:14