Блогер Бота Миа Miss Qazaqstan байқауында бақ сынайды
Бота Миа лақап атымен танымал блогер Ақбота Нұрақын Miss Qazaqstan сұлулық байқауына қатысады. Ұйымдастырушылар оны байқаудың екінші “джокері” ретінде таныстырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жаңалықты байқау командасы финалға дейін құпия ұстауға тырысқан. Ақботаның қатысатыны туралы Miss Qazaqstan байқауының ресми Instagram парақшасында жарияланды.
“Барлық картамызды ашып қойдық деп ойладыңыздар ма? Miss Qazaqstan командасы бір тосынсыйды финалға таяғанша құпия сақтап келді. Енді картаны ашатын сәт туды. Екінші “джокер” – Ақбота Нұрахын. Кім алдын ала болжады?” – делінген жазбада.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, Ақбота 27 жаста. Бойы – 170 сантиметр, дене өлшемдері – 80-60-100. Ол блогерліктен бөлек, актриса, модель әрі хореограф ретінде жұмыс істейді. Сондай-ақ ірі брендтердің өкілі.

Мамандығы бойынша педагог-хореограф Ақбота сегіз жыл бойы балаларға би үйретіп, жеке би студиясын басқарған. Қазір күнделікті өмір, сұлулық пен сән тақырыптарында контент әзірлейді. Сонымен қатар әйелдерді қолдауға арналған әлеуметтік бейнероликтер түсіреді.
Еске салайық, бұған дейін блогер Бота Миа Қырғызстанға қатысты айтқан “Қырғызстан деген биік пе?” деген сөзі үшін әлеуметтік желіде сынға қалған еді. Көпшілік бұл пікірді көрші елді менсінбеу деп қабылдады. Кейін блогер Қырғызстан халқынан кешірім сұрап, сөзінің қате түсінілгенін айтып, ешкімді ренжітуді мақсат етпегенін мәлімдеді.
Сонымен қатар бұған дейін ол шетелдік блогердің контентін рұқсатсыз пайдаланғаны үшін де дауға қалған.
Алматыда жаңбырдан соң көліктер батпаққа батып, жолдар опырылды