Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Блогер Бота Мианың Қазақстан туын ат үстіне жабуы заң бұзу болып есептеле ме, ол үшін қандай жазаға тартылуы мүмкін

рәміз
Фото: Видеодан скрин

Қазақстандық блогер Бота mia (Ақбота Нұрахын) тағы да даудың ортасында қалды. Осы жолы желі қолданушылары оны Қазақстанның мемлекеттік туын орынсыз пайдаланып, мемлекеттік рәмізді қорлады деп сынға алды. Себебі ол қырғызстандық балаға сыйға тартқан аттың үстіне Қазақстан туы бейнеленген жабуды төсеген. Осыған байланысты Stan.kz заңгерден мұндай әрекет заң бұзу болып санала ма және ол үшін қандай жауапкершілік қарастырылғанын сұрады.

Бәрі неден басталды?

12 жастағы қырғызстандық Әлихан Асқарбеков “Ыстықкөл кубогы – 2026” бәйгесінен кейін көпшіліктің ықыласына бөленді.

Жарыс барысында қазақстандық шабандоз аттан құлап қалған сәтте Әлихан оның атына мініп, бәйгені соңына дейін жалғастырып, мәреге үшінші болып жеткен. Ол осы әрекеті үшін көпшіліктің ризашылығын тудырып, қазақстандық шабандоз өзіне тиесілі 1,3 миллион теңге көлеміндегі жүлдені балаға табыстаған.

@top.baige

🇰🇬🤝🇰🇿

♬ оригинальный звук - TOP_BÀIGE

Кейін қазақстандық блогер Бота Mia Қырғызстанға арнайы барып, Әлиханға тұлпар сыйлап, бұл сыйлықты Қазақстан халқының атынан көрсетілген құрмет екенін айтқан. Десе де тұлпарды сыйлау кезінде түсірілген видеодан кейін дау туды. Кадрларда Әлиханның иығына Қырғызстанның мемлекеттік туы жабылғаны, ал аттың үстіне Қазақстан туы бейнеленген жабу төселгені байқалады.

Желі жұрты ашуға булықты

Осы көрініс қоғамда түрлі пікір туғызды. Желі қолданушылары мемлекеттік туды мұндай мақсатта пайдалануға болмайтынын айтып, блогердің әрекетін сынға алды.

Олардың бір бөлігі мұны мемлекеттік рәмізге құрметсіздік деп бағаласа, енді бірі блогерді көпшіліктің ықыласына бөлену үшін ұлттық құндылықтарды орынсыз пайдаланғанын айтып айыптады.

пікір
Фото: Threads скрин

“Мынау не? Жасанды интеллект арқылы жасалды деп ойласам. Бір Бота деген қыз қырғыздардың алдында ұятты болып, кешірім сұрау үшін осылай жасаған. Біз Дастан Сатпаевт шыққан әр жазбаға көк туымызды толтырып, мемлекеттік рәмізді биікке көтеріп жатқанда, мұнысы не!? Аттың артына жауып, үстіне қырғыз баланы отырғызып қойғаны дұрыс па өзі? Заңгерлер жаңа заң не дейді? Жалпы дұрыс па бұл?”, – деп жазды бірі. 

пікір
Фото: Threads скрин

Енді бірі блогерді қатаң жазаға тарту керегін айтты. 

“Көк байрақты астыға төседі. Қазақстанның көк туын жарнама қылуға немесе өнімге қолдануға тыйым салынған. Енді көк байрақты астыға төсегені үшін қатал зан қарастыру керек. Өзге елдің ығына жығылып енді біздің байраққа отырғызаның не?! Өз қателігің үшін, біздің туды қорлағаның үшін жауап беруің керек. Өзге елге көрпедей төселу не әдет осы. Басқа елдің алдында қателік жасадың ба мойыныңмен көтер, елдің атынан демей. Қай басымен ойланады бұл Бота”,  деп жазды бірі. 

пікір
Фото: Threads скрин

Тағы бірі “блогер өз пайдасы үшін ұлттық құндылықты сатуға дайын екен” деді. 

“Мына қыз бірнеше қырғыздың мақтауы үшін мемлекеттік туымызды осылай қорлауға дейін барған екен. Демек, өз пайдасы үшін ұлттық құндылықтарын да сатуға дайын болғаны ғой”,  – деп жазды бірі.

“Егер қате болса, кешірім сұраймын”

Желідегі шудан соң Бота Миа қазақ халқынан кешірім сұрады. Ол ешкімді ренжітуді мақсат етпегенін айтты.

“Ол бала – шабандоз. Қазақстанның атынан атқа отырып, жүлделі үшінші орынды алып келді. Менің бар ойым – Қазақстаннан келген сыйымызды табыстау болды. Егер әрекетім қате болса, кешірім сұраймын”, – деді блогер.

Оған қоса блогер Қазақстаннан келгенін көрсету үшін арнайы осындай жабу таңдапты. 

Мемлекеттік туды жамылғы ретінде қолдануға болмайды

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz заңгер Альбина Бақтиярқызынан пікір алды. Оның айтуынша, Қазақстанда мемлекеттік рәміздерді қолданудың нақты тәртібі заңмен бекітілген.

“Қазақстан Республикасы үкіметінің қаулысымен бекітілген мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларына сәйкес, Мемлекеттік Туды жамылғы ретінде пайдалануға, оны белгіленген тәртіпке қайшы өзге де тәсілдермен қолдануға жол берілмейді. "Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы" Конституциялық заңға сәйкес мемлекеттік рәміздер елдің ерекше қорғауында болады. Ал азаматтар мен ұйымдар оны құрметтеуге міндетті”, – деді заңгер. 

Заңгердің айтуынша, егер құқық қорғау органдары әрекеттен қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін анықтаса, оған Қылмыстық кодекстің 372-бабы – "Мемлекеттік рәміздерді қорлау" бойынша құқықтық баға берілуі мүмкін.

“Қылмыс құрамы анықталған жағдайда кінәлі тұлғаға айыппұл ғана емес, екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы да қолданылады”, – деді заңгер.

Екі елдің туын қатар пайдаланудың да өз тәртібі бар

Заңгердің пікірінше, бұл жағдайда мәселе Қазақстан туының қолданылуында ғана емес.

“Қырғызстанның мемлекеттік туына оранған баланың Қазақстанның мемлекеттік туы жабылған аттың үстінде отыруы қоғамда әртүрлі пікір тудыруы мүмкін. Мұндай көріністі кейбір адамдар екі мемлекеттің рәміздерін бір-біріне қарсы қою немесе бір мемлекетті екіншісінен жоғары қойғандай әсер қалдырады деп қабылдауы ықтимал. Мұндай көріністер қоғамда наразылық туғызып, мемлекеттік рәміздерге деген құрметтің төмендеуіне және ұлтаралық түсінбеушілікке себеп болуы ықтимал”, – деді заңгер. 

Сонымен қатар заңгер Adilet Almaty ұйымымен бірлесіп Ішкі істер министрлігіне арыз жолдағанын мәлімдеді.

арыз
Фото: Threads скрин
“Арызда әлеуметтік желіде тараған видеода Қазақстанның мемлекеттік туы атқа жабу ретінде пайдаланылғаны көрсетілген. Оған қоса мұндай көрініс қоғамда түрлі пікір туғызып, мемлекеттік рәміздерге деген құрметке нұқсан келтіруі мүмкін екені жазылған. Енді құзырлы орган аталған жайтқа құқықтық баға беріп, қолданыстағы заңнамаға сәйкес жан-жақты тексеру жүргізеді деп үміттенемін”, – деді Альбина Бақтиярқызы. 

Заңгер мемлекеттік рәміздер әрбір азамат құрметтеуге тиіс елдің қасиетті құндылығы екенін жеткізді. 

Блогердің Қырғызстанға кешірім сұрап баруына да себеп бар

Себебі ол бұған дейін Қырғызстанда айтқан сөзі үшін сынға ұшыраған еді. Сол кезде желіде Қырғызстандағы іс-шаралардың бірінде сахна сыртында түсірілген видео тарады. Видеода жүргізуші блогерге “Қазір өзіңізді биікте жүргендей сезінесіз бе?” деп сұраған. Ал Бота Миа оған: “Қандай биік? Қырғызстан деген биік пе?” деп күліп жауап берген.

Бұл пікір желі қолданушыларының ашуын туғызды. Көпшілік оны Қырғызстанды және оның тұрғындарын менсінбеу, тәкаппарлық таныту деп қабылдады.

Осыдан кейін әлеуметтік желілерде блогердің парақшасына жаппай шағымдануға шақырған жазбалар көбейді. Оған қоса ұйымдастырушылардан блогерді енді Қырғызстандағы іс-шараларға шақырмауды сұрады. 

Кейін желі қолданушыларының бірімен жеке хат алмасқан Бота Миа өз сөзінің "дұрыс түсіндірілмегенін" айтқан. Алайда бұл жауап көпшіліктің ашуын одан әрі күшейтті. Олар блогерден жұртшылық алдында ашық әрі шынайы түрде кешірім сұрауды талап етті. Ал ол осы сөзі үшін қырғыз халқынан кешірім сұрау ретінде 12 жастағы Әлихан Асқарбековке тұлпар сыйлады. 

@sayorke91 @bota_mia 😡 Кыргызстан артынан таанылбадын беле? #репост #кыргызстан🇰🇬 #казакстан #москва #тренд ♬ оригинальный звук - Sonya_09

Айта кетейік, бұған дейін блогер Бота Миа Қырғызстанға қатысты айтқан “Қырғызстан деген биік пе?” деген сөзі үшін әлеуметтік желіде сынға қалған еді. Көпшілік бұл пікірді көрші елді менсінбеу деп қабылдады. Кейін блогер Қырғызстан халқынан кешірім сұрап, сөзінің қате түсінілгенін айтып, ешкімді ренжітуді мақсат етпегенін мәлімдеді. Сонымен қатар бұған дейін ол шетелдік блогердің контентін рұқсатсыз пайдаланғаны үшін де дауға қалған еді.

Нұрила Жұмаділлә
Сенбі, 01 Тамыз, 2026 09:30