Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қырғызстан деген биік пе": Блогер Бота Миа тағы сынның астына қалды

Блогер Бота Миа
Фото: Instagram.com/bota_mia

Көпшілікке Бота Миа лақап атымен танымал қазақстандық блогер Ақбота Нұрақы Қырғызстанға модель ретінде барып, сапарынан кейін көпшіліктің сынына ұшырады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қырғызстанға подиумға шығуға барған Бота Миадан өзге блогер “Әлемдік деңгейге шығып қуанышты шығарсыз. Үлкен биіктерді бағындырып жүрсіз бе?” деп сұраған. Бұған Бота Миа күлімсіреп “Қандай биік? Қырғызстан деген биік пе?” деп жауап берген.

Блогердің бұл сөзі әлеуметтік желіде тез тарап, Қазақстан мен Қырғызстан қолданушылары арасында қызу талқы тудырды. Көпшілік оның жауабын қырғыз елін менсінбеу әрі көрші халыққа құрметсіздік таныту деп қабылдаған. 

“Қырғызстанда бұл блогерге бойкот жариялайық”, “Бәріміз шағым түсірейік, Қырғызстанды қорлауға қандай құқығы бар?”, “Сұмдық, өз Қазақстаныңда отыр”, “Ал біз сені құрметтейтін едік. Жұлдыз болып кетіпсің. Қырғызстаннан айналып кет енді”, “Бұдан былай Бота Мианы біздің іс-шараларда көргіміз келмейді”, “Шынайы бет-бейнесі ашылды. Елге келіп, қонақтағы еліңді төмендетудің не қажеті бар? Жақпаса, келмеңіз”, – деп жазып жатыр қырғызстандық қолданушылар.

Кейбір желі қолданушылары Бота Миаға көпшілік алдында сөзін мұқият таңдауы керек екенін ескертті.

Бота Миа хейт
Фото: Скриншот

Сын көбейген соң блогер Италиядан Stories жариялап, айтқан сөзіне түсініктеме берді. Оның айтуынша, әріптесінің сұрағын ол бұрынғы даулы оқиғамен байланыстырып, дұрыс түсінбей қалған.

“Достар, “әлемді бағындырып жүрсіз бе?” деген сұрақты бұрынғы оқиғамен байланыстырып, әңгімені Қырғызстанға бұрып жібердім. Мені дұрыс түсінбей қалдыңыздар. Мен Қырғызстанды жақсы көремін. Үнемі сіздерді сағынғанымды айтып, сторис саламын. Шынымен де сіздерді жақсы көремін”, – деп жазды ол.

Сонымен қатар Бота Миа Қырғызстан халқынан кешірім сұрап, ешкімді ренжітуді ойламағанын жеткізді.

“Егер ойымды анық жеткізе алмаған болсам, Қырғызстан халқынан кешірім сұраймын. Мен тіпті олай ойлауға да батпаймын. Сіздерді өзгелерге үнемі мақтап жүремін”, – деді блогер.

Ол қырғыз халқының қонақжайлығын ерекше атап өтіп, бұған дейін де айналасындағыларға: “Барып, олардың қандай қонақжай екенін өзің көресің”, – деп айтқанын жазды.

Дегенмен блогердің кешірімінен кейін де желідегі пікір екіге бөлінді. 

Бота Миа
Фото: Instagram.com/bota_mia

Еске салайық, бұған дейін кореялық әртіс қазақстандық блогер Бота Мияны контентті ашық түрде ұрлады деп айыптағаны хабарланған еді. Шетелдік блогердің айтуынша, оның кадрлары жасанды интеллект арқылы өңделіп, жарнамалық видеода қолданылған. Ол бұл материалды түсіру мен монтаждауға шамамен 60 сағат уақыт жұмсағанын алға тартты.

“1,4 миллион оқырманы бар бұл инфлюенсер менің идеямды өз пастасын жарнамалау үшін пайдаланған”, – дейді ол.

Сондай-ақ авторды видеода аты аталмағаны ғана емес, еңбегінің коммерциялық мақсатта пайдаланылғаны да алаңдатқан. Бұған қоса, ол роликте өз дауысының өзгертілген нұсқасы қолданылған болуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Америкалық блогердің айыптауларына Ақбота Нұрақын бірден жауап берді. Ол осы жағдайдан кейін бірқатар Stories жариялаған. Кадрлардан оның америкалық блогерге жазғаны байқалады.

”Маған сіздің идеяңыз қатты ұнады, сол себепті одан шабыт алып, өз нұсқамды жасағым келді. Мұндай ұқсас видеоларды басқа авторлардан да көргендіктен, бұл формат трендке айналған шығар деп ойлап, өз нұсқамды түсірдім”, – деп жазған Бота Миа фуд-блогерге.

Сонымен қатар Бота Миа видеоны аккаунтынан өшіргенін жазып, Feastwithwei-дан шын жүректен кешірім сұрайтынын айтқан.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 21 Шілде, 2026 15:15