Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кадрларды ЖИ-мен өңдеп, дауысын қолданған: Бота Миа шетелдік блогердің идеясын ұрлады деп айыпталды

Бота Миа идея ұрлады деп айыпталды
Фото: instagram.com/feastwithwei

Бота Миа лақап атымен белгілі қазақстандық блогер Ақбота Нұрақынның басы дауға қалды. Америкалық фуд-блогер оны идеясын рұқсатсыз пайдаланды деп айыптап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Feastwithwei – тағамға арналған эстетикалық ASMR-видеолары мен мейрамхана шолуларымен танылған америкалық фуд-блогер. Ол Instagram парақшасында жазба жариялап, Бота Миаға айып тақты. Блогердің айтуынша, оның кадрлары жасанды интеллект арқылы өңделіп, жарнамалық видеода қолданылған. Ол бұл материалды түсіру мен монтаждауға шамамен 60 сағат уақыт жұмсағанын алға тартты.

“1,4 миллион оқырманы бар бұл инфлюенсер менің идеямды өз пастасын жарнамалау үшін пайдаланған”, – дейді ол.

Сондай-ақ авторды видеода аты аталмағаны ғана емес, еңбегінің коммерциялық мақсатта пайдаланылғаны да алаңдатқан. Бұған қоса, ол роликте өз дауысының өзгертілген нұсқасы қолданылған болуы мүмкін екенін мәлімдеді.

“Менің видеоларымды көшірсеңіз де, жасанды интеллект қолдансаңыз да, оған мән бермеймін. Бірақ мен 60 сағаттан астам уақытымды жұмсап түсіріп, монтаждаған дауысым мен кадрларымды AI арқылы өзгертіп, өз өніміңізді жарнамалауға пайдалану – мен үшін шектен шыққан әрекет”, – деді блогер.

Осыдан кейін блогер оқырмандарынан ешкімді қудаламауды сұрады. Ол бұл жағдайды жеке кикілжіңге айналдырғысы келмегенін атап өтіп, мұндай көшірумен көптеген инфлюенсер айналысатынын айтты.

Бота Миа не дейді?

Америкалық блогердің айыптауларына Ақбота Нұрақын бірден жауап берді. Ол осы жағдайдан кейін бірқатар Stories жариялаған. Кадрлардан оның америкалық блогерге жазғанын байқалады.

”Маған сіздің идеяңыз қатты ұнады, сол себепті одан шабыт алып, өз нұсқамды жасағым келді. Мұндай ұқсас видеоларды басқа авторлардан да көргендіктен, бұл формат трендке айналған шығар деп ойлап, өз нұсқамды түсірдім”, – деп жазған Бота Миа фуд-блогерге.

Сонымен қатар Бота Миа видеоны аккаунтынан өшіргенін жазып, Feastwithwei-дан шын жүректен кешірім сұрайтынын айтқан.

Блогердің айтуынша, америкалық автордың оқырмандары оның аккаунтына жаппай шағым түсіре бастаған. Оның сөзінше, кеше аккаунты уақытша бұғатталып, бүгін Instagram оны қайта шектеген. Ақбота аккаунтына кіру мүмкіндігін әрең қалпына келтіргенін жазды.

Ол әріптес автор ретінде түсіністік танытуды сұрап, аккаунтынан айырылып қалудан қорқатынын айтқан. Себебі бұл видеоларды көрген адамдар әлі де шағым жіберіп жатқан көрінеді.

“Ол өз оқырмандарын маған қарсы қойып отыр. Менің хаттарымды оқымай, осы жағдайдан контент істеуін тоқтатар емес”, – деп жазған Бота Миа.

Бота Миа идея ұрлады деп айыпталды
Фото: Видеодан скриншот

Қазақстандықтардың реакциясы

Америкалық блогердің мәлімдемесі Қазақстанға лезде жетті. Желі қолданушылары Бота Мианы шағын блогерлердің контентін плагиат жасады деп айыптай бастады.

Мынау енді ұят. Қазақстанды осылай “танытып” жатқаны өкінішті. Бұл қызбен жұмыс жасайтын агентсттік те өте ұят екен”, “Идея алды деп қорғамай-ақ қойыңдар. Ол контент ұрлаған, оның кадрларын, сөзіне дейін алып кеткен. Түсінемін, соның идеясымен, басқа тамақ және де басқа образ істесе, мынау тек ұрлаған”, “Ботаның тірлігі өте дұрыс емес”, “Мынау енді болмады. Біреудің контентін ұрлау ол ұят қой, ЖИ қолданып. Креатив қайда?” – деп жазған олар.

Бота Миа идея ұрлады деп айыпталды
Фото: Скриншот

Pasta Mia макарон брендіне арналған промо-роликтердің бірінен ағылшынтілді қолданушылар шетелдік блогердің видеосымен көптеген ұқсастық байқаған.

Бота Миа идея ұрлады деп айыпталды
Фото: Скриншот

Сонымен бірге әлеуметтік желіде Нұрақынды қолдағандар да табылды. Әріптестерінің айтуынша, блогер контент жасауға көп еңбек сіңіреді және өзгенің еңбегін құрметтейді.

“Бұл форматты көрген кезде ол түрлі авторлар қайталап, өзінше өзгертіп жүрген трендке айналғандай көрінді. Бізде біреудің еңбегін иемдену немесе автордың үлесін төмендету ниеті болған жоқ. Егер түсінбеушілік туындаса, біз өз тарапымыздан кешірім сұрап, видеоны өшірдік”, - деп жазды Threads-те продюсер Балауса Нұрғазы.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 15 Маусым, 2026 15:40