Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерінен авиациялық отын жасалмақ

келісім
Фото: kmg.kz

Қазақстанда ауыл шаруашылығы шикізатынан авиациялық отын өндіретін зауыт салу жоспарланып отыр. Кәсіпорын Қостанай облысының Рудный қаласында орналасады. Жобаны “ҚазМұнайГаз” америкалық KBR компаниясымен және қазақстандық KazFoodProducts холдингімен бірлесіп жүзеге асырмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жоба барысы АҚШ-тың Вашингтон қаласында өткен B20 USA Summit 2026 саммиті аясында талқыланды. Кездесуге “ҚазМұнайГаз” басқарма төрағасы Асхат Хасенов пен KBR компаниясының аға вице-президенті Хари Равиндран қатысты.

Тараптар зауыт салу жұмыстарының барысын және алдағы кезеңдерін талқылады. Бұған дейін үш компания жобаның негізгі шарттарын бекітіп, келісімге қол қойған. Құжат бойынша кәсіпорында америкалық KBR компаниясының PureSAF технологиясы қолданылады.

Қазір зауыттың технологиялық жобалау құжаттамасы әзірленіп жатыр. Бұл жұмыс 2027 жылдың бірінші тоқсанында аяқталуы тиіс. Одан кейін нысанның бастапқы инженерлік жобалау кезеңі басталады.

Зауыт қандай отын өндіреді?

Жоспар бойынша кәсіпорын жылына 57 мың тонна тұрақты авиациялық отын өндіреді. Ал оның биоэтанол өңдеу қуаты жылына 100 мың тонна болмақ.

Шикізат ретінде KazFoodProducts холдингіне қарасты BioOperations зауыты шығаратын биоэтанол пайдаланылады. PureSAF технологиясы спирт шикізатынан авиациялық отын алуға мүмкіндік береді. Бұл әдіс халықаралық тәжірибеде Alcohol-to-Jet деп аталады.

Жобаның тағы бір мақсаты – Қазақстанның авиациялық хаб ретіндегі әлеуетін арттыру. Сонымен бірге отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеп, жоғары технологиялы отын өндірісіне пайдалану көзделген.

“Біз үшін келісілген мерзімдерді сақтау және жобаны нақты іске асыруға уақытылы көшу маңызды. “ҚазМұнайГаз” нақты нәтижеге қол жеткізуге мүдделі. Осы мақсатта жобаға қатысушылардың жұмысын үйлестіріп, олардың бірлескен әрекетін қамтамасыз етуге дайынбыз”, – деді Асхат Хасенов.

Анықтама: KBR (Kellogg Brown & Root LLC) – штаб-пәтері АҚШ-тың Хьюстон қаласында орналасқан халықаралық инженерлік-технологиялық компания. Ол әлемнің 80-нен астам елінде энергетика және тұрақты технологиялар саласында жұмыс істейді.

KazFoodProducts – Қазақстандағы ірі агроөнеркәсіптік холдингтердің бірі. Оның құрамындағы BioOperations кәсіпорны астықты терең өңдеп, биоэтанол өндіреді.

Айта кетейік, бұған дейін Америкалықтар Қазақстанда жүгері мен картоптан авиаотын өндіруді жоспарлап отырғаны туралы жазған едік. Жобаға америкалық LanzaJet компаниясы да қатысуға ниетті екені айтылған. Кәсіпорын Рудный қаласында орналасып, жылына 54 мың тонна авиаотын өндіруі мүмкін. Зауытта дән, жүгері, картоп сияқты органикалық шикізаттан алынған этанол пайдаланылады. Техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу аяқталған.

Stan.kz
Сәрсенбі, 11 Қараша, 2026 12:08