2027 жылы қазақстандықтардың қолына тиетін жалақы салықтық шегерімнің өсуіне байланысты көбейеді
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда айлық есептік көрсеткіш 4 693 теңгеге дейін өседі. Соған сәйкес, жеке табыс салығын есептегенде қолданылатын базалық шегерімнің көлемі де ұлғаяды. Бұл өзгеріс жалақыдан ұсталатын салықты азайтып, қызметкерлердің қолына алатын ақшасын сәл көбейтеді. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
“Uchet.kz 20 жыл” конференциясында кәсіби аудитор әрі салық мәселелері бойынша бизнес-тренер Светлана Ким 2027 жылдан бастап қызметкерлердің табысына қолданылатын салықтық шегерімдер қалай өзгеретінін түсіндірді.

Оның айтуынша, қызметкер базалық шегерімді — айына 30 АЕК мөлшерінде — бір жұмыс берушіге өтініш беру арқылы қолдана алады. Бұл тәртіп келесі жылы да сақталады. Шегерім жалақыдан міндетті әлеуметтік төлемдер алынып тасталғаннан кейінгі, 10% мөлшерлемемен салық салынатын табысқа қолданылады.
АЕК-тің өсуіне байланысты базалық шегерім 129 750 теңгеден 140 790 теңгеге дейін көтеріледі.
Мысалы, қызметкердің салыққа дейінгі жалақысы 500 мың теңге делік. Одан 50 мың теңге міндетті зейнетақы жарнасы және 10 мың теңге МӘМС жарнасы ұсталған соң, салық салынатын табыс 440 мың теңге болады.
2026 жылы осы сомадан 129 750 теңге шегерілсе, 2027 жылы шегерім 140 790 теңгені құрайды. Сонда 10% жеке табыс салығы 299 210 теңгеден есептеліп, шамамен 29 921 теңге болады. Ал 2026 жылғы есеппен салық шамамен 31 мың теңге шығар еді. Осылайша, қызметкердің қолына тиетін жалақы шамамен 410 мың теңгеге жетеді.
“АЕК-тің өсуіне байланысты келесі жылы жеке тұлғаның салық салынатын табысы азайып, қолына алатын ақшасы сәл көбейеді. Әрине, шегерім мөлшері бұдан да жоғары болса, мысалы 100 АЕК-ке дейін жетсе, жақсы болар еді”, — деді Светлана Ким.
Сарапшы салықтық шегерімдерді келесі айға ауыстыру тәртібі де өзгеретінін атап өтті. Бұрын қызметкердің жалақысы шегерім сомасынан аз болса, пайдаланылмай қалған бөлігін келесі айда қолдануға болатын. Мысалы, айлық 100 мың теңге болған жағдайда, базалық шегерімнен кейін салық салынатын табыс нөлден төмен шығуы мүмкін еді. Кейінгі айда жалақы артса, қалған шегерімді пайдалануға рұқсат етілетін.
Алайда Салық кодексіне ұсынылған түзетулер жобасында базалық шегерімнің пайдаланылмаған бөлігін келесі айға көшіруге болмайтыны жазылған. Демек, бір айда толық қолданылмаған шегерім кейінгі кезеңде есепке алынбай, күшін жояды. Кимнің сөзінше, мұндай шегерімдерді айлар арасында ауыстыруға 2025 жылға дейін мүмкіндік болған.
Бұған дейін Мемлекеттік кірістер комитеті 2025 жылы жұмыс беруші арқылы алдын ала салықтық шегерім қолданған азаматтарға қазан айынан кейін хабарлама жолдайтыны айтылған.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда кедейлік көрсеткіші 20 жылдағы ең төмен деңгейге түскен.
"16 жасымда күштеп ұзатты": Зікірші Исматулланың қарындасы балалық шағындағы қорлықты айтты