Шетелде үйсіздерге ай сайын 850 мың теңгеге дейін төленеді: Қазақстанда баспанасыздарға қандай көмек бар
Шетелде көшеде қалған үйсіздерге ерекше жағдайлар жасалғанын білесіз бе? Еуропаның кей елінде оларға ай сайын 400 мың теңге әлеуметтік төлем төленсе, кей елдерде пәтер тауып қана қоймай, қарыздарын өтеуіне де қолдау береді. Ыстық тамақ, жылы киім мен дәрі-дәрмекке арналған көмек те бөлек қарастырылған. Ал Қазақстанда ше? Елімізде өмірлік жағдайларға байланысты көшеде қалған жандар қандай қолдау ала алады? Олар қайда жүгінуі керек? Stan.kz тілшісі Қазақстан мен өзге елдердегі баспанасыз адамдарға көрсетілетін көмекті салыстырып көрді.
“Тегін тамақ пен бір жылға дейінгі жатын орын: Елімізде үйсіздер қандай көмек ала алады?”
Редакциямыз Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен үйсіздерге қандай қолдаулар бар екенін сұрады. Министрліктің мәліметінше, елімізде заңнамаға сәйкес, баспанасыз қалған адамдар мемлекеттен арнайы әлеуметтік көмек алуға құқылы. Бұл қызметтер бюджет есебінен тегін көрсетіледі. Ол үшін адам өзі жүрген жердегі уақытша тұруорталығына тікелей жүгіне алады. Сондай-ақ жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, денсаулық сақтау немесе ішкі істер органдарының жолдамасы арқылы да көмек ала алады.
Әлеуметтік бейімдеу орталығына тәулік бойы тұруға қабылданған адамға:
- жатын орын;
- төсек-орын жабдықтары;
- жеке гигиена заттары;
- іш киім;
- ыстық тамақ беріледі.
“Тамақтандыру орталықтың күн тәртібіне сәйкес ұйымдастырылады. Қабылдау кезінде алғашқы медициналық қарап-тексеру және санитариялық өңдеу жүргізіледі. Қажет болған жағдайда дәрігерге дейінгі көмек көрсетіліп, медициналық ұйымға жүгінуге немесе емдеуге жатқызуға жәрдем беріледі. Орталықта тәулік бойы тұру мерзімі бір жылдан аспайды”, – деді ведомство.
Елімізде үйсіздерге жеке ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы төленбейді. Ал орталыққа қабылданған адамдарға қолдау бюджет қаражаты есебінен көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтер түрінде беріледі.
Үйсіз қиналғандар тек түнейтін орын қажет болған жағдайда, түнде қону үйіне немесе бөлімшесіне жүгіне алады. Онда жатын орын;
- жазда сағат 21.00-ден келесі күнгі 09.00-ге дейін;
- қыста сағат 18.00-ден келесі күнгі 10.00-ге дейін беріледі.
Тек түнгі жатын орын берілген жағдайда ыстық тамақ берілмейді. Яғни орталыққа қабылданбаған тек қонуға ғана келгендер тамақпен қамтамасыз етілмейді.
Орталыққа өздігінен жүгінбеген адамдарға көмек көрсету үшін елімізде әлеуметтік патрульдің мобильді қызметтері жұмыс істейді. Олар белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарға көшеде жүрген жерінде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді.
Адамның жеке басын анықтау қажет болған жағдайда тексеруді ішкі істер органдары жүргізеді. Жеке басын өзге тәсілмен анықтау мүмкін болмағанда және заңда көзделген негіздер болғанда адам ішкі істер органдарының қабылдау-бөлу орнына орналастырылады. Ол жерден босатылған кезде қабылдау-бөлу орны тексеру нәтижелерін қаулыда көрсетіп, 24 сағат ішінде әлеуметтік бейімдеу орталығына жазбаша хабарлайды. Уақытша баспана мен әлеуметтік қолдау қажет болса, ішкі істер органы адамды орталыққа жазбаша жолдамамен жібере алады. Орталық адамның уақытша орналасуын және арнаулы әлеуметтік қызмет алуын қамтамасыз етеді.
Алматыда баспанасыз қалған адамдар "Пана" әлеуметтік бейімдеу орталығына жүгіне алады. Мекеме Ораз Дундич көшесі, 2Б және Зейнеп Қойшыбаева көшесі, 37 мекенжайларында орналасқан. Байланыс нөмірлері: +7 (727) 251-37-68 және +7 (727) 251-33-42. Көшеде жүрген адамдарға әлеуметтік патруль шақыруға да болады. Орталыққа адам өз өтінішімен немесе жұмыспен қамту, денсаулық сақтау және ішкі істер органдарының жолдамасы арқылы қабылданады. Бұл ретте жеке куәлігінің болмауы көмек алуға кедергі емес. Орталық қызметкерлері жоғалған құжаттарды қалпына келтіруге жәрдемдеседі. Дегенмен әлеуметтік бейімдеу орталығында тәулік бойы тұру мерзімі бір жылдан аспайды. Осы уақыт ішінде адамға тек жатын орын мен тамақ беріліп қана қоймай, жұмысқа орналасуға, кәсіптік курстардан өтуге, әлеуметтік төлемдерді рәсімдеуге, медициналық және заңгерлік көмек алуға қолдау көрсетіледі. Ал мерзім аяқталғаннан кейін адамды міндетті түрде тұрақты баспанамен қамтамасыз етуге кепілдік беретін жалпы норма қарастырылмаған.
Астанада баспанасыз қалған адамдар "Демеу" ресоциализация орталығына жүгіне алады. Мекеме Чехоев көшесі, 14А мекенжайында орналасқан. Орталықта тәулік бойы уақытша тұруға арналған 180 орын бар. Мұнда адам бір жылға дейін орналаса алады. Бұған қоса, тек түнейтін жер қажет адамдарға арналған 50 орын қарастырылған. Көшеде жүрген, әлеуметтік көмекке мұқтаж адамды байқасаңыз, әлеуметтік патруль шақыруға болады. Ол үшін 8 (7172) 53-16-48 немесе 8 (7172) 53-18-24 нөмірлеріне хабарласу қажет. Адам орталыққа өз еркімен де бара алады. Қажет болған жағдайда оны әлеуметтік патруль немесе полиция қызметкерлері жеткізеді. Көмек адамның келісімімен көрсетіледі. Орталықта әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, еңбек, құқықтық және экономикалық көмек ұсынылады. Тек түнгі орынға орналасқандарға ыстық тамақ берілмейді.
Шымкентте баспанасыз қалған адамдар қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарды әлеуметтік бейімдеу орталығына жүгіне алады. Мекеме Бекзат Саттарханов көшесі, 3А мекенжайында, Забадам шағынауданында орналасқан. Адам орталыққа өз өтінішімен келе алады. Сондай-ақ денсаулық сақтау және құқық қорғау органдарының жолдамасымен қабылданады. Мұнда уақытша тұруға орын, әлеуметтік, медициналық, құқықтық және психологиялық көмек көрсетіледі. Орталықтың 160 адамға арналған орны бар. Тұрғындар төрт мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Қажет болған жағдайда медициналық қызметкерлер көшедегі адамдарға барған жерінде де көмек көрсетеді. Байланыс нөмірлері: 8 702 604 89 80, 8 (7252) 45-03-03, 8 775 450 54 33.
Республика бойынша 21 әлеуметтік бейімдеу орталығы жұмыс істейді. Бүгінгі таңда уақытша тұрып жатқан адамдар саны шамамен 1 200 адамды құрайды.
“Кедейлік, ажырасу мен ата-анасымен жанжал себеп: Үйсіздерге көмек қаншалықты тиімді”
Әлеуметтанушы Камиль Рахимбеков адамдардың үй-күйсіз көше кезуіне үш фактор әсер ететінін алға тартты.
- жеке факторлар: түрлі тәуелділіктер, ауру, өрт, алаяқтық, банкроттық сияқты жағдайлар;
- адамдар арасындағы қарым-қатынасқа байланысты себептер: ажырасу, ата-анасымен немесе туыстарымен жанжалдасу;
- әлеуметтік-экономикалық факторлар: кедейлік, белгілі бір топқа қатысты кемсітушілік.
“Адамның баспанасыз қалуына үш нәрсе әсер етеді. Біріншісі – адамның өз жағдайы. Екіншісі – отбасы, туыстары мен жақындарының көмегі. Үшіншісі – мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың қолдауы. Егер осы үшеуінің біреуінде ғана мәселе болса, адам баспанасыз қалмауы мүмкін. Ал екеуінде бірдей қиындық туындаса, баспанасыз қалу қаупі артады. Үшеуінен де қолдау таппаса, адамның баспанасыз қалу ықтималдығы өте жоғары. Мұндай тұжырымды зерттеуші Николас Плис ұсынған. Баспанасыз адамдардың әлеуметтік бейімделу кезеңдерінен біртіндеп өтуіне негізделген тәсіл бар. Мысалы, адам алдымен бір ұйымда тәуелділіктен емделеді. Кейін басқа мекемеде уақытша тұрып, еңбек дағдыларын меңгереді. Мұндай тәсіл "баспалдақ жүйесі" деп аталады. Алайда халықаралық тәжірибе баспанасыз адамдардың басым бөлігі бұл кезеңдердің бәрінен өте бермейтінін көрсетеді”, – деді маман.
Камиль Рахимбеков қазір әлемде үйсіздерге көмектесу үшін арнайы бағдарламалар жұмыс істейтінін алға тартты. Айтуынша, соңғы 10–15 жылда Еуропа мен Америка елдерінде "Housing First" ("Алдымен баспана") бағдарламасы сынақтан өткізіліп, тиімділігін көрсетіп келеді.
“Оның негізгі қағидасы – баспанасыз адамға алдымен тұрақты үй беру. Яғни адамға ең қажет нәрсе – баспана. Ал содан кейін әлеуметтік қызметкерлер мен басқа да мамандар оған үйінде барып, қажетті көмек көрсетеді. Бұл бағдарламаны қалай ұйымдастыру керек, қандай қиындықтар туындауы мүмкін деген сияқты мәселелер әлі де талқыланып, зерттеліп жатыр. Дегенмен "Housing First" қазір жұмыс істеп тұрған, қаржыландырылатын және болашағы зор бағдарламалардың бірі”, – деп қосты ол.
Маманның айтуынша, мұндай бағдарламада құжаттарын жоғалтқан адамдарға заңгерлік көмек көрсету сияқты қызметтер де қарастырылады. Дегенмен елімізде әзірге "Housing First" жұмыс істемейді.
“Қазақстандағы әлеуметтік бейімдеу орталықтарының жұмысы да баспалдақ жүйесіне ұқсайды. Алайда бұл тәсіл баспанасыз адамдардың өмірін толық қалпына келтіруге қаншалықты көмектесетіні әзірге күмән тудырады. Орталықтардың қызметі туралы ғылыми зерттеулер мен жарияланымдар өте аз. Сондықтан олардың жұмысының нәтижесін бағалау қиын. Мұндай мекемелерде адамдардың күнделікті өмірі қалай өтетінін, ішкі тәртіптің қандай екенін, ортаның тұрғындарға қаншалықты еркіндік беретінін немесе керісінше шектейтінін зерттеу қажет. Баспана іздеген адамдардың көбі бұл орталықтарға негізінен қыстан шығу үшін ғана келуі де бекер емес. Бәлкім, мекемелердегі ішкі тәртіп кейбір адамдарға қолайсыздық тудыратын шығар”, – деп баяндады Камиль Рахимбеков.
Әлеуметтанушы осы тұста мұндай орталықтарда жұмыс істейтін орталықтарда адамдарға көмектесіп жүрген мамандардың еңбегін ерекше атап өтті. Айтуынша, дәрігерлер, санитарлар, аспаздар, құжаттарын қалпына келтіруге көмектесетін қызметкерлер оңай емес жұмысты атқарып жүр.
“Меніңше, Еуропа елдерінің тәжірибесіне сүйену керек. Онда баспанасыз адамдар мәселесін шешуге бағытталған шараларды біріктіретін FEANTSA атты үкіметтік емес ұйым бар. Бұл ұйым "Housing First" бағдарламасын да сынақтан өткізіп келеді. Адамды бірден тұрақты баспанамен қамтамасыз ету – жақсы шешім. Бұл олардың алдымен мінезін өзгертуді, тәуелділіктен немесе психикалық аурулардан толық айығуды талап етпейді. Екіншіден, баспалдақ жүйесіне негізделген бағдарламалардың барлық кезеңінен адамдардың бәрі бірдей өте алмайды. Сондықтан мұндай бағдарламалардың нәтижесі көбіне көңіл көншітпейді. Оның үстіне, оларды ұстап тұруға қомақты қаражат қажет. Бізде мәселе – орталықтардың өз қызметіне қатысты ғылыми зерттеулер жүргізбеуінде, жаңа тәсілдерді сынап көрмеуінде. Олар негізінен "Уақытша тұратын адамдарға қызмет көрсету стандарты" атты нормативтік құжатқа сүйеніп жұмыс істейді. Ал есептер көбіне бөлінген қаражаттың игерілуі мен орталықта тұратын адамдардың әлеуметтік-демографиялық көрсеткіштеріне қатысты беріледі”, – деп қорытты Камиль Рахимбеков.
“851 мың теңге ай сайынғы төлем, баспана мен қарызын өтеп беру: Шетелде үйсіздер жағдайы қалай”
Норвегияда баспанасыз қалған адам егер адамның алдағы 24 сағатта түнеп шығатын жері болмаса, ол NAV қызметіне жүгіне алады. Мұнда жағдайы нашар, көше аралап жүргендерге ғана емес тіпті баспанасы жоқ адамдар да үйсіз болып есептеледі. Сол себепті туыстарының үйін уақытша паналап жүрген адам да NAV қызметінен көмек сұрай алады. Мұнда мемлекет уақытша баспана тауып қана қоймай, адамның күнделікті шығындарына да қаржылай қолдау көрсетеді. Норвегияда бір адамға арналған әлеуметтік көмектің бағдарлық мөлшері айына 8 300 кронды (шамамен 397 мың теңге) құрайды. Ал бірге тұратын ерлі-зайыптыларға немесе жұптарға 13 800 крон (шамамен 660 мың теңге). Ал ортақ тұрғын үйде тұратын адамға 6 950 крон (шамамен 332 мың теңге) қарастырылған. Бұл қаражат тамақ, киім, байланыс, жеке гигиена және басқа да күнделікті қажеттіліктерге арналған. Жалдау ақысы, электр энергиясы мен жылу шығындары бөлек есептеліп, қосымша өтеледі. Дегенмен бұл соманы әр адам автоматты түрде алмайды: нақты төлем адамның жағдайына қарай белгіленеді. Сонымен қатар NAV қызметкерлері оларға тұрақты пәтер іздеп, тұрғын үйге өтініш беруге және қарыздарын реттеуге көмектеседі. Яғни Норвегияда баспанасыз адамға уақытша орын берумен шектелмей, тұрақты баспанаға қол жеткізуіне де қолдау көрсетіледі.

Ал Нидерландта баспанасыз қалған адам уақытша баспана сұрап қана қоймай, күнделікті шығындарына арналған әлеуметтік төлем алуға да өтініш бере алады. Елде 2030 жылға дейін баспанасыз қалған әр адамды тұрақты үймен қамтамасыз ету мақсаты қойылған. Бұл бағдарламаға жыл сайын 450 миллион еуро (шамамен 270 миллиард теңге) бөлінеді. Мұнда жалғыз тұратын 21 жастан зейнет жасына дейінгі баспанасыз адамға айына 1 419,46 еуроға дейін (шамамен 851 мың теңге) төленеді. Ал бірге тұратын ерлі-зайыптыларға немесе жұптарға арналған төлем – 2 027,79 еуро (шамамен 1,22 миллион теңге). Бұл қаражат табысы күнкөрісіне жетпейтін адамдарға беріледі. Алайда төлем автоматты түрде тағайындалмайды: адамның табысы, жинағы, жасы және басқа да жағдайлары ескеріледі.
Нидерландтың тағы бір ерекшелігі – тұрақты мекенжайы жоқ адам да ресми пошта мекенжайын (briefadres) рәсімдей алады. Ол жерде тұрмаса да, мемлекеттік органдардан келетін хат-хабарды осы мекенжай арқылы алады. Соның арқасында баспанасыз қалған адам ресми байланыстан тыс қалмай, әлеуметтік төлемдер мен басқа да қызметтерге өтініш бере алады.

Арнайы орталықтарда оларға түнеуге орын, тамақ, жуынатын жер және әлеуметтік мамандардың көмегі ұсынылады. Қызметкерлер құжаттарын қалпына келтіруге, медициналық сақтандыру рәсімдеуге, жұмыс табуға, қарыздарын реттеуге көмектеседі. Қажет болса, тәуелділіктен арылу үшін де қолдау көрсетіледі. Мұнда да басты мақсат – адамды уақытша орталықта ұзақ ұстау емес, тұрақты баспанаға орналастыру. Ол үшін муниципалитеттер, тұрғын үй компаниялары мен әлеуметтік қызметтер бірлесіп жұмыс істейді. Сонымен қатар адам үйінен айырылып қалғаннан кейін ғана емес, баспанасыз қалу қаупі туындаған кезде де көмек көрсету көзделген.

Финляндияда баспанасыз деп танылу үшін адамның міндетті түрде көшеде түнеуі шарт емес. Жеке немесе жалдамалы үйі жоқ, көшеде, арнайы паналау орындарында, жатақханада немесе уақытша туыстары мен таныстарының үйінде тұрып жүрген адамдар да осы санатқа кіреді.
Елдегі ең қызық тәжірибенің бірі – "Алдымен баспана" (Housing First) бағдарламасы. Мұнда баспанасыз адамнан әуелі жұмысқа орналасу, тәуелділіктен арылу немесе емделу талап етілмейді. Алдымен жеке баспана беріледі. Содан кейін мамандар оған қарызын реттеуге, денсаулығын күтуге, жұмыс табуға және қоғамға қайта бейімделуге көмектеседі. Бұл жүйеде баспана уақытша паналайтын орын емес, адамның жеке үйі ретінде қарастырылады. Пәтер жалға беріледі, ал қажет болған жағдайда әлеуметтік қызметкерлер тұрақты қолдау көрсетеді. Бағдарламаны мемлекет, жергілікті билік, коммерциялық емес ұйымдар мен тұрғын үй мекемелері бірлесіп жүзеге асырады.

Францияда баспанасыз қалған адам уақытша жататын орын сұрау үшін тәулік бойы жұмыс істейтін тегін 115 нөміріне хабарласа алады. Арнайы орталықтарда оған жататын орын, тамақ және әлеуметтік мамандардың көмегі ұсынылады. Қызметкерлер құжаттарын қалпына келтіруге, әлеуметтік төлем рәсімдеуге, жұмыс пен тұрақты баспана табуға көмектеседі. Елдегі ең қызық тәжірибенің бірі – баспанасыз адамның мемлекеттен тұрақты үй беруді заң жүзінде талап ете алуы. Бұл DALO деп аталады. Егер арнайы комиссия адамның өтінішін мақұлдаса, мемлекет оған баспана ұсынуға міндетті.
Ал уақытша жататын жері жоқ адамға көмек көрсетілмесе, DAHO тетігі арқылы өтініш бере алады. Мұндай жағдайда мемлекет алты апта ішінде уақытша баспана ұсынуы керек. Егер бұл талап орындалмаса, адам сотқа жүгіне алады. Бұған қоса, баспанасыз адам жалпы әлеуметтік төлем алуға өтініш бере алады. Мұнда жалғыз тұратын адамға айына 651,69 еуро (шамамен 400 мың теңге), ал баласы жоқ жұптарға 977,54 еуро (шамамен 600 мың теңге) қарастырылған. Алайда төлем адамның табысы мен басқа да талаптарға сәйкестігіне қарай белгіленеді. Мұнда да тұрақты мекенжайы жоқ адам арнайы пошта мекенжайын рәсімдеп, мемлекеттік хат-хабар алып, әлеуметтік қызметтерге қол жеткізе алады.

Еуропаның өзге елдерінде де баспанасыз қалған адамдарға көмек көрсетудің түрлі жолдары қалыптасқан. Бір мемлекеттер уақытша баспанамен қамтуға басымдық берсе, енді бірі адамды бірден тұрақты үйге орналастыруға, әлеуметтік төлемдер мен мамандардың көмегін ұсынуға мән береді. Әр елдің тәжірибесі мен қолдау тетіктері әртүрлі болғанымен, ортақ мақсат – баспанасыз қалған адамның қиын жағдайдан шығуына көмектесіп, қоғамға қайта бейімделуіне мүмкіндік жасау. Қазақстанда да бұл бағыттағы көмек әлеуметтік бейімдеу орталықтары арқылы көрсетіледі.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандықтың пәтері мен кәсібін сатып, үйсіздерге арналған панажай ашқаны туралы жазған едік. Бес баласы бар әйел осылайша 80-ге жуық адамды үйіне кіргізген.
Шетелде үйсіздерге ай сайын 850 мың теңгеге дейін төленеді: Қазақстанда баспанасыздарға қандай көмек бар