Қазақстандық жаттықтырушы жарысқа барудан бас тартқан шәкіртін соққыға жыққан
Батыс Қазақстан облысында кәмелетке толмаған тәрбиеленушісін ұрып-соққан волейбол жаттықтырушысына қатысты сот үкімі шықты. Оқиға жасөспірімнің жарысқа барудан бас тартуынан кейін болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
БҚО Ақжайық ауданының №2 аудандық сотында кәмелетке толмаған баланың денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтірді деп айыпталған ер адамға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сот мәліметінше, волейбол жаттықтырушысы тәрбиеленушісінің жарысқа бармайтынын айтқанына ашуланған. Осыдан кейін екеуінің арасында жанжал туындап, ер адам жасөспірімнің бетіне қолымен екі рет ұрған. Артынша кеуде тұсынан аяғымен тепкен.
Соққыдан кейін жасөспірім артқа қарай шегініп, басын бөлменің қабырғасына соғып алған.
Кейін ол оқиға туралы ата-анасына айтып, медициналық көмекке жүгінген.

Іс материалдарын зерттеген сот жаттықтырушыны қылмыстық кодекстің "денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру" бабы бойынша кінәлі деп таныды.
Сот істің мән-жайын ескере отырып, айыпталушыға бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Үкім заңды күшіне енді.
Еске салсақ, бұған дейін Павлодарда өткен волейболдан жеке клубтар арасындағы Қазақстан біріншілігінде Шымкент волейбол академиясының жаттықтырушысы өз шәкіртін басынан ұрғаны туралы жазған едік. Оқиғадан кейін жаттықтырушы екі жылға жарыстардан шеттетілді.