Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында үш жасөспірімнің өліміне қатысты іс сотқа жолданды

оқушы
Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Жамбыл облысы Қордай ауданындағы мектептерде оқушылардан ақша бопсалап, бағынбағандарды жазалайтын бейресми жүйе болған. Бұл құрылымның өз иерархиясы мен тәртібі қалыптасып, оқушыларға қысым көрсету, қорқыту және күш қолдану әрекеттері жасалған. Прокуратура оқушылар арасындағы ақша бопсалау мен үш жасөспірімнің қаза болуы өзара байланысты екенін айтты. Қылмыстық іс сотқа жолданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

 

Оқушылар арасындағы “жүйе” қалай жұмыс істеген?

Жамбыл облысы прокуратурасының мәліметінше, қылмыстық іс Қордай ауданына қарасты Қаракемер ауылындағы мектептерде болған оқиғаларға байланысты тергелген. Бұл ауылда үш кәмелетке толмаған бала қайтыс болған.

Тергеу барысында жергілікті мектеп оқушылары арасында “Жүйе” деп аталатын бейресми құрылым болғаны анықталған. Оның өз иерархиясы, бағыну тәртібі мен жазалау ережелері қалыптасқан.

Құқық қорғау органдары оқушылар арасындағы ақша бопсалау деректерін және олардың жасөспірімдердің өлімімен ықтимал байланысын зерттеген.

“Жиналған дәлелдер жиынтығы ақша бопсалау фактілері мен үш кәмелетке толмаған баланың қаза болуы арасында себеп-салдарлық байланыс бар екенін көрсетеді”, – делінген хабарламада.

Тергеу қорытындысы бойынша екі күдіктіге Қылмыстық кодекстің 194-бабы 2-бөлігінің 1, 2 және 3-тармақтары (бопсалау), 105-бабының 3-бөлігі (өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) бойынша айып тағылған. Екеуі де қамауға алынған.

Тағы бес адамға айып тағылды

Прокуратура мәліметінше, бейресми “Жүйенің” әрекетіне қатысы бар деген тағы бес адамның іс-әрекеті Қылмыстық кодекстің 194-бабы (Қорқытып алу) бойынша сараланған. Оларға қатысты өзге де бұлтартпау шаралары таңдалған.

Құқық қорғау органдары аталған бейресми құрылымның қызметіне тосқауыл қойған.

Бұдан бөлек, прокуратура құзырлы мемлекеттік органдардың әрекетіне де құқықтық баға берген. Құқық бұзушылықтарға себеп болған жағдайлар мен кемшіліктерді жою туралы ұсыныстар енгізілген. Қазір олар қаралып жатыр.

Материал биыл 23 қазанда Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған сотына жіберілді. Енді сот айыпталушылардың кінәсі бар-жоғын қарайды. Сот олардың кінәсін дәлелдейтін шешім шығармайынша, ешкімді кінәлі деп атауға болмайды. Тергеуге қатысты басқа ақпарат әзірге жарияланбайды.

Динара Закиева мектептерден қандай жағдайларды анықтады?

Президенттің тапсырмасымен Жамбыл облысындағы мектептерді арнайы топ тексерген. Мамандар балаларды қорқыту, ұрып-соғу, ақша бопсалау және буллинг жағдайларының алдын алу жұмыстарына назар аударған.

Тексеру нәтижесінде Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева өңір мектептерінде оқушыларға қысым көрсету жағдайлары көп екенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, Шу ауданындағы мектептердің бірінде 9-сынып оқушылары жоғары сынып оқушыларының ақша бопсалап, ұрып-соғатынына шағымданған. Кей жағдайларда электршокер мен кастет те қолданылған.

Оқушылардың сөзінше, мұндай оқиғалар бірнеше сыныпта кездеседі. Қыз балалар жыныстық зорлық-зомбылыққа тап болудан қорқатынын да айтқан.

Қордай ауданындағы мектептерде де осындай мәселелер анықталған. Бесінші, жетінші және тоғызыншы сынып оқушылары жоғары сынып оқушыларының қысым көрсетіп, ақша талап ететінін айтқан. Мұндай әрекеттерді балалар бейресми “Жүйе” деп атаған.

"Балалар жоғары сынып оқушыларының азық-түлік пен сусын сатып алуды міндеттейтінін, ұрып-соғатынын және қорлайтынын айтқан. Кей мектептерде мұғалімдер де оқушыларға қол көтеріп, түрлі заттарды лақтырады. Тіпті балаларды өздері кемсітетін жағдайлар бар”, – деді Динара Закиева.

Омбудсмен Тараз қаласындағы №47 мектепте де оқушыларға осындай жағдайлар болғанын жеткізді. Бұл мектепте қыркүйек айында бір оқушы қайтыс болған. Тексеру кезінде оның сыныптастары бұған дейін мектепте ақша бопсалау мен буллинг болғанын айтқан. Алайда мектеп әкімшілігі бұл шағымдарға тиісті назар аудармаған.

Динара Закиеваның сөзінше, Тараздағы басқа мектептердің оқушылары да ақша талап ету, ұрып-соғу және мұғалімдердің қысым көрсетуіне шағымданған. Кей балалар өзін үнемі қорқынышта сезінетінін айтқан.

Балалардың өзіне қол жұмсау жағдайлары көбейген

Динара Закиева өңірдегі балалар арасындағы қайғылы оқиғаларға қатысты статистиканы да жариялады.

Оның мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Жамбыл облысында балалардың өзіне қол жұмсауының 14 жағдайы тіркелген. Соның жетеуінде балалардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік болған.

Ол балалардың кейбірінде бұған дейін өзіне қол жұмсау қаупі байқалғанын, бірақ оларға қажет көмек көрсетілмегенін айтты.

Сонымен қатар омбудсмен жоғары сынып оқушыларының күш қолдануынан кейін тағы бір баланың өзіне қол жұмсамақ болғанын жеткізді.

Динара Закиева өңірдегі балаларға қатысты мәселелер дер кезінде анықталмай, кейде мектептер мен жауапты мекемелер тарапынан ескерусіз қалатынына алаңдаушылық білдірді.

Жамбыл облысында бұған дейін де осындай жағдайлар болған

Еске салайық, 2026 жылы 15 сәуірде Қордай ауданының Қаракемер ауылында екі жасөспірім қайтыс болған еді. Сол кезде полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу бастаған.

Бұдан бөлек, 2026 жылы сәуірде Жамбыл облысында мектеп оқушысын өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу дерегі бойынша тағы бір іс қаралған. Сот негізгі айыпталушыны сегіз жылға, ал тағы екі адамды бес жылға бас бостандығынан айырған. Бұл іс бойынша да жоғары сынып оқушыларының басқа балаларға қысым көрсеткені анықталған.

Ал қараша айында өңірдегі балаларға қатысты резонансты оқиғалардан кейін бірқатар басшы жауапқа тартылған. Төрт ауданның әкімі мен облыстық білім басқармасының басшысына қатаң сөгіс жарияланған.

Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында жасөспірімдер арасындағы жанжалдан кейін 9-сынып оқушысы жансақтау бөліміне түскені туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 10 Қараша, 2026 17:00