Танысу қосымшасы қалыңдық немесе күйеу жігіт таба алмаған әр адамға 135 мың теңге төлемек
Қытайда үш жыл ішінде болашақ жарын таба алмаған қолданушыларға 2000 юань (135 мың теңге) төлеуге уәде беретін танысу қосымшасы пайда болды. Жасанды интеллектке негізделген жаңа платформаның басты мақсаты – адамдарға жай ғана танысуға емес, отбасын құруға көмектесу. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі South China Morning Post-қа сілтеме жасап хабарлайды.
Liangpei AI деп аталатын қосымша биыл шілдеде іске қосылған. Оның әзірлеушілері үш жыл бойы платформаны пайдаланып, өзіне лайық жар таба алмағандарға 2000 юань (135 мың теңге) төлеуге уәде беріп отыр.
Қосымша аз уақыт ішінде көпшіліктің қызығушылығын тудырған. Қазірдің өзінде оған 35 мыңнан астам адам тіркелген.
Жобаның негізін қалаушы Цзэн Синьсюнь бұған дейін ChatGPT мен Claude-қа бәсекелес саналатын қытайлық Kimi жасанды интеллект жүйесін әзірлеуге қатысқан.
Бір уақытта бірнеше адаммен сөйлесуге болмайды
Liangpei AI басқа танысу қосымшаларынан ерекше талабымен ерекшеленеді. Мұнда қолданушыларға бір мезгілде бірнеше адаммен романтикалық қарым-қатынас орнатуға рұқсат етілмейді.
Яғни қосымша арқылы бір адаммен танысып, сөйлесе бастаған қолданушы басқа үміткермен қарым-қатынас құрғысы келсе, алдымен алдыңғы байланысын тоқтатуы керек. Әзірлеушілер мұндай шектеу адамдардың танысуға салмақты қарап, болашақ жарын таңдауға жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді деп есептейді.
Үйленген адамдарды тіркемейді
Платформаға тіркелу үшін қолданушы өзінің шын аты-жөнін көрсетіп, фотосын жүктеуге міндетті. Бұдан кейін оның отбасылық жағдайы ресми дерекқорлар арқылы тексеріледі.
Осылайша қосымша адамның некеде бар-жоғын анықтап, отбасылы азаматтардың тіркелуіне жол бермейді. Мәселен, алғашқы айдың өзінде тексеріс нәтижесінде 150-ге жуық адамның тіркелуіне рұқсат берілмеген.
Жаңа қызмет Қытайда әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударып, қызу талқыланып жатыр. Әсіресе үш жыл ішінде жұп таба алмағандарға ақша төлеу туралы уәде көпшіліктің қызығушылығын тудырған.
Алтын мен әшекей бұйымдарды қалай ажыратуға болады: Зергер көпшілік біле бермейтін белгілерді атады
