Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Зәкеңнің 50 жасы көз алдыма келді": Мақпал Жүнісова марқұм күйеуіне ұқсайтын азаматты кездестірді

Мақпал Жүнісова
Фото: Instagram.com/zhunusova.makpal/

Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова марқұм жары, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовке қатты ұқсайтын азаматты кездестіргенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әнші онымен бірге түскен суретін әлеуметтік желіде жариялады. Өнер иесі суреттегі азаматтың есімі Аман екенін айтып, оны көрген сәтте марқұм жарының елу жасындағы бейнесі көз алдына келгенін жеткізді.

“Зәкеңе ұқсайтын Аман бауырыммен кездесіп қалдым. Зәкеңнің 50 жасы көзіме елестеп кетті”, – деп жазды әнші.

Мақпал Жүнісованың жазбасына желі қолданушылары да пікір білдіріп, суреттегі азаматтың Заманбек Нұрқаділовке ұқсайтынын атап өтті. Кейбірі тіпті екеуінің туыстық байланысы бар-жоғын сұраған.

“Зәкеңнен аумайды! Қаны бар емес пе екен?”, “Дәл өзі сияқты, қатты ұқсайды екен”, “Заманбек ағамыздың жас кезін көргендей болдық”, – деп жазды желі қолданушылары.

Ал енді бірі әншіге жылы лебізін арнап, қызының қызығын көріп, аман-есен жүруіне тілектестік білдірді.

Айта кетейік, Заманбек Нұрқаділов 2005 жылы қарашада өмірден өтті. Ол Алматы қаласының әкімі және Қазақстанның төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік органдарының басшысы қызметтерін атқарған.

Еске салайық, бұған дейін Мақпал Жүнісова 55 миллион теңге жұмсаған жөндеу жұмысына наразы болып, "Жесір әйел деп басынғаны ма?" деп ашынғаны хабарланған еді.  Әнші жариялаған видеодан үйдің кей бөліктеріндегі сылақ пен қаптаманың бүлініп, құрылыс жұмыстарының іздері сыр бере бастағанын көруге болады. Өнер иесі құрылыс бригадасының жетекшісін танитынын, алайда мәселені сот арқылы шешуге уақыт жұмсағысы келмейтінін айтты. Сондықтан болған жағдайды көпшілікке көрсетуді жөн көрген.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 10 Қараша, 2026 12:07