Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мені тек мазаламаңдаршы": Мақпал Жүнісова Президент Іс басқармасының емханасына ренішін білдірді

Мақпал Жүнісова
Фото: Видеодан скриншот

Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Ұлттық госпиталінен өзін тіркеуден шығару туралы хабарлама келгенін айтып, медициналық мекеме қызметкерлерінің қайта-қайта тексеруден өтуге шақыратынына ренішін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өнер иесінің айтуынша, халық әртістері мен еңбек сіңірген қайраткерлер Президент Іс басқармасына қарасты медициналық мекемеде тіркеуде тұрады. Мақпал Жүнісова бұл емханаға 1994 жылдан бері тіркелгенін айтты.

Әнші осы уақыт ішінде өзіне тиесілі кейбір медициналық мүмкіндіктерден бейхабар болғанын да жасырмады. Соның бірі – жыл сайын санаторийге тегін жолдама алу мүмкіндігі.

"Халық әртістері мен еңбек сіңірген қайраткерлер ретінде біз “Совмин” ауруханасында тіркеудеміз. Сол жерге барып, тексерістен өтіп турамыз. Ол жақта 1994 жылдан бері тіркеуде тұрсам да, жыл сайын санаторийге тегін жолдама берілетінін былтыр ғана естідім. Мұндай мүмкіндіктерді бұрын-соңды пайдаланып көрмегендіктен, “Жыл сайын санаторийге баруға болады екен ғой, маған неге бұрын айтпаған?” деп таңғалдым", – деді ол.

Мақпал Жүнісова қазір медициналық тексерулерді үйіне жақын орналасқан клиникаларда тапсыратынын жеткізді. Сондай-ақ шетелге барып, Корея мен Түркияда да денсаулығын тексертіп тұратынын айтты.

"Қазір үйімнің жанында клиника көп. Соларға барып, анализ тапсырамын, чекаптан өтемін. Оған қоса Кореяға да, Түркияға да барып тексеріліп тұрамыз. Деніміз сау, шауып жүрміз. Күнде жұмыс, гастроль мен концерт", – деді әнші.

Оның сөзінше, Президент Іс басқармасына қарасты емхананың қызметкерлері медициналық тексеруден өту қажеттігін ескертіп, оған жиі хабарласады. Алайда әнші денсаулығына шағымы жоқ екенін айтып, мұндай қоңыраулардан шаршағанын жеткізген.

“Совминнің” қыздары қайта-қайта хабарласып: “Анализ тапсырыңыз, тексерілуіңіз керек” деп қоймайды. Мен: “Қыздар, денім сау, Аллаға шүкір, бәрі дұрыс” десем, “Онда келмесеңіз, “Совминнің” тіркеуінен шығарамыз” дейді. “Шығара беріңіздер” дедім. Менің оған байланып қалған ештеңем жоқ. Үйімнің жанында клиника бар, ауыра қалсам, Медеу ауданындағы клиникаға барамын", – деді ол.

Әншінің айтуынша, кейін Астанадан өзін тіркеуден шығару туралы тағы бір ресми хат келген. Ол бұған қарсы емес екенін айтып, орнына басқа адамды тіркесе де ренжімейтінін жеткізді.

"Тағы да Астанадан хат келді. “Тіркеуден шығарамыз” дейді. Шығара беріңіздерші! Оны жіберіп отырған кім екен? Күні маған қарап қалып па? Менің орныма біреуді енгізгісі келіп тұрса, енгізе берсін. Ренжімеймін. Сұранарым, мені мазаламаңыздаршы", – деді Мақпал Жүнісова.

Еске салайық, бұған дейін Мақпал Жүнісова 55 миллион теңге жұмсаған жөндеу жұмысына наразы болғаны хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 07 Қазан, 2026 21:32