Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жесір әйел деп басынғаны ма?" Мақпал Жүнісова 55 миллион теңге жұмсаған жөндеу жұмысына наразы болды

Мақпал Жүнісова
Фото: Instagram.com/zhunusova.makpal

Танымал әнші Мақпал Жүнісова үйіне жүргізілген құрылыс жұмыстарының сапасына көңілі толмайтынын айтып, әлеуметтік желіде видео жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өнер иесінің сөзінше, жөндеу жұмыстары аяқталғанына әлі бір жыл да толмаған. Алайда қазір үйдің сыртқы бөлігі мен іргетасы бүлініп, кей тұстары үгітіліп, құлай бастаған.

Мақпал Жүнісова жөндеу жұмыстарына қомақты қаражат жұмсағанын да жасырмады. Оның айтуынша, құрылыс төрт айға созылып, оған 55 миллион теңге кеткен.

“Жөндеу жұмысы жасалғалы бір жыл да өткен жоқ. 55 миллион теңге жұмсадым. Төрт ай бойы осында болды, тамағын бердім, ақшасын төледім. Енді үйімнің жан-жағы құлап жатыр. Қалай осылай жұмыс істеуге болады?” – деді әнші.

Өнер иесі құрылыс бригадасының жетекшісін танитынын, алайда мәселені сот арқылы шешуге уақыт жұмсағысы келмейтінін айтты. Сондықтан болған жағдайды көпшілікке көрсетуді жөн көрген.

“Еркегі жоқ, жесір әйел деп басынғаны ма? Ол бригадирді білемін. Бірақ соттасып жүруге уақытым жоқ. Халық білсін деп көрсетіп отырмын”, – деді Мақпал Жүнісова.

Әнші жариялаған видеодан үйдің кей бөліктеріндегі сылақ пен қаптаманың бүлініп, құрылыс жұмыстарының іздері сыр бере бастағанын көруге болады.

Мақпал Жүнісова құрылысшыларға жағдай жасап, төрт ай бойы ас-ауқатын беріп, ақысын толық төлегенін айтып, соған қарамастан жұмыстың мұндай күйге түскеніне қынжылды.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 15 Қыркүйек, 2026 16:00