Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мақпал Жүнісова II дәрежелі "Барыс" орденімен марапатталды

Мақпал Жүнісова
Фото: Ақорда

Қазақстанның Халық әртісі Мақпал Жүнісова Мақпал Жүнісова II дәрежелі "Барыс" орденімен марапатталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттады. Президент өз сөзінде Мақпал Жүнісованың қазақ өнеріндегі орнына ерекше тоқталды.

“Бүгін жезтаңдай әнші, халқымыз, әсіресе, әйелдер қауымы жақсы көретін өнер иесі, Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісоваға екінші дәрежелі “Барыс” орденін тапсырамын”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ал өнер иесінің өзі әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, қуанышты жаңалығын бөлісті. Әнші бұл марапаттың өзі үшін ерекше мәні бар екенін айтты.

“Құрметті менің тыңдармандарым, туысқандарым! Мемлекет басшысы II дәрежелі “Барыс” орденін маған бүгін табыстады. Ақорданың есігін ашпағалы 30 жыл болыпты. 30 жылдан кейін осындай мәртебелі атақ иегері болып жатқаныма өте қуаныштымын! Баршаңызға осындай марапат бұйырсын”, – деді өнер иесі.

Айта кетейік, Мақпал Жүнісова – қазақ эстрадасындағы өзіндік орны бар әнші, Қазақстанның халық әртісі. Оның орындауындағы әндер бірнеше буын тыңдарманның жүрегінен орын алған. Жұртшылық өнер иесін шынайы даусымен, сахнадағы ерекше болмысымен және ұлттық өнерге деген адалдығымен жақсы таниды.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 21 Мамыр, 2026 14:44