Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Менің концертіме халық өзі келеді": Мақпал Жүнісова Роза Рымбаеваның сұхбатына жауап берді

Роза Рымбаева мен Мақпал Жүнісова
Фото: instagram.com/rozarymbaeva / zhunusova.makpal

 

Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова әріптесі Роза Рымбаеваға тіл қатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялап,  желіде өзі туралы айтылған пікірлерге жауап берді. Әншінің айтуынша, кейбір желі қолданушылары Роза Рымбаеваның сұхбатындағы сөзді оның концерттерімен байланыстырып жазған.

Әншінің сөзінше, Роза Рымбаева бір сұхбатында әкімдік кейбір әншілердің концертіне халықты күштеп кіргізетінін айтқан. Осыдан кейін желіде “Мақпалдың концертіне елді қинап кіргізеді” деген пікірлер тарай бастаған.

Мақпал Жүнісова мұндай сөздердің шындыққа жанаспайтынын айтты.

“Осылай жазған кісілерге “оттамаңдар” деп айтқым келеді. Мен өмірімде әкімдікке барып, “концерт жасап беріңдер” деп айтқан емеспін. Менің ән кештеріме халық өзі келеді”, – деді әнші.

Өнер иесі өзінің гастрольдік сапарларына көрермен ерікті түрде келетінін айтып, бұл жағдайды тексергісі келетіндерге бірге барып көруге болатынын жеткізді.

“Өтірікті кішкене болсын шындыққа жанасатындай етіп айтсаңдаршы. Менімен бірге гастрольге шығып, тексеріңіздер. Әкімдікке кіріп көрмеген адаммын. Менің концертімде мұндай болмаған да, болмайды да”, – деді Мақпал Жүнісова.

Сондай-ақ әнші Роза Рымбаева мұндай мәлімдеме жасағанда нақты кімдерді меңзегенін ашық айтуы керек еді деген пікір білдірді.

“Роза апамыз сұхбат бергенде сол әншілердің атын атап айтқаны дұрыс болар еді”, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Роза Рымбаева сахнадан уақытында кеткен дұрыс екенін айтқаны хабарланған еді.  Өйткені өнер иесі денсаулық сыр беріп, жас ұлғайғанда халық алдында жүру дұрыс емес деп санайды.

"Сахнадан уақытында кеткен дұрыс деп ойлаймын. Мен де 50 жылдық шығармашылық кешімнен кейін сахнамен қоштасуды жоспарлап жүрмін. Денсаулық сыр беріп, жас ұлғайғанда халық алдында жүруді дұрыс санамаймын. Уақытында кетсең, көрерменнің жадында жақсы бейнеңмен қаласың", – деді әнші.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 14 Мамыр, 2026 15:15