Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жібере салса болады ғой": Мақпал Жүнісова өзін тоқтатқан Шығыс Қазақстан полициясының әрекетіне наразылық білдірді

Мақпал Жүнісова
Фото: Instagram.com/zhunusova.makpal

Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова көлігін тоқтатқан полиция қызметкерлерінің жұмысына наразылық білдірді. Әнші тәртіп сақшылары өзін “жібере салса болар еді” деп санайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында көлігін тексеріп жатқан сәттің видеосын жариялады. Әнші құжат толтыру процесінің ұзаққа созылғанына көңілі толмаған.

“Өскеменнің полициясының жігіттері, рақмет. Міне, тұрмыз, қозғала алмай. Шығып сәлем бердік, жібере салса болады ғой. Бізді жібермей тұр. Қанша адам тұрмыз күтіп. Жаза алмайтын сияқты. Әлі бірдеңе толтырып жатыр”, – дейді Мақпал Жүнісова видеода.

Сондай-ақ әнші “Жүнісова келгенде осылай тиіспесеңдер болмайды, иә?” деп сауал тастаған.

Бұл жағдайға Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, 3 мамырда Өскемен қаласында Бажов көшесінде полиция қызметкерлері Lexus LX 570 маркалы көлікті тоқтатқан.

Тексеру барысында көліктің алдыңғы бүйір терезелеріне қара түсті тонировка жапсырылғаны анықталған. Нәтижесінде жүргізуші көлік құралдарын пайдалану ережесін бұзғаны үшін жауапқа тартылды.

Мақпал Жүнісова

Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті жүргізушілерді Қазақстан Республикасының жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды.

Әншінің бұл наразылығы желіде екіұдай пікір қалыптастырды. Қолданушылардың бір тобы Халық әртісіне құрмет көрсетіп, оны жібере салуы керек еді деп санады. 

“Неге Мақпал ханым келгенде заң деп қалдыңдар? Мақпал елдің қызы, Өскемен ұят!”, “Мақпал апамызға құрмет көрсете алмағаны ұят болыпты”, – деп жазған олар.

Ал енді бірі заң бәріне ортақ деген пікір қалдырған.

“Заң ортақ апа”, “Мақпал апа, сізді жібере салса, заң қайда? Өскемен полициясы, жарайсыңдар”, “Заң бәріне ортақ, полицейлердікі дұрыс”, “Заң бәріне бірдей, ренішіңіз орынсыз”, – деп жазған олар. 

Айта кетейік, бұған дейін Мақпал Жүнісова күзетшісі мен жүргізушісіне үй алып бергені хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 04 Мамыр, 2026 12:35