Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әкем 78 жасқа келгенде дүниеге келдім": Актер Қуандық Қыстақбаев отбасы туралы сыр шертті

Қуандық Қыстықбай
Фото: Видеодан скриншот

Танымал актер Қуандық Қыстақбаев тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызына берген сұхбатында әкесі 78 жасқа келгенде дүниеге келгенін айтып, ата-анасының өмірі мен балалық шағы туралы естеліктерін бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Актердің сөзінше, ол әкесінің екінші әйелінен туған. Әкесінің алғашқы некесінен де бірнеше баласы болғанымен, олардың көбі кішкентай кезінде шетінеп кеткен.

“Әкем 78 жасқа келгенде дүниеге келдім. Таңдайымды көтеріп қояйын, рас айтамын. Екінші әйелінен туғанмын. Бірінші әйелі де он шақты құрсақ көтерген. Ол кезде медицина нашар, балалары шетінеп, қайтыс бола берген. Бір қызы 5-6 жасқа келгенде үлкен шешеміз қайтыс болып кетеді”, –  деді актер.

Қуандық Қыстақбаевтың айтуынша, әкесі бірінші жары өмірден өткеннен кейін бір жылдан соң қайта шаңырақ көтерген. Ол кезде актердің анасы небәрі 16 жаста болған.

“Бір жылдан кейін менің шешемді 16 жасында алады. Анам да 10-12 құрсақ көтерген. 1972, 1974 жылғы ағаларым бар. Бәрі “тоқалдың баласы шығарсың” деп айтады. Әкем 88 жасында, мен 10-да болғанда қайтыс болды. Әкем мен шешемнің жас айырмашылығы Әкім Тарази мен Роза Мұқанова апамыз сияқты 34 жас”, – деп еске алды өнер иесі.

Айта кетейік, Қуандық Қыстақбаев 1977 жылы 1 тамызда Алматы облысының Ұйғыр ауданында дүниеге келген. 1998 жылы Т. Жүргенов атындағы театр және кино институтын тәмамдаған. Шығармашылық жолын Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрында бастаған.

Актер көрерменге "Келін", "Жат", "Томирис" фильмдеріндегі рөлдерімен және "Қасым" туындысында Қасым Қайсеновтің бейнесін сомдауымен танымал. 2015 жылы оған "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағы берілген.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 10 Қараша, 2026 13:04