Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Азиада да аяқкиіміне байланысты жарыстан шеттетілген Ясмина Тоқсанбаеваға пәтер тарту етілді

спортшы
Фото: Instagram 01yasm1na

Биыл Азия ойындарында мәреге бірінші болып жетіп, кейін жарыс нәтижесі жойылған қазақстандық жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаеваға бір бөлмелі пәтер берілді. Спортшыға баспананы Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы мен демеушілер сыйлаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Пәтер кілті Азия ойындары мен Азия пара ойындарына қатысқан спортшыларды марапаттау рәсімінде табысталды. Ал өзге спортшылар мен жаттықтырушыларға ақшалай сертификаттар берілді.

Федерация өкілдері жарыстан шеттетілгеніне қарамастан, Ясмина Тоқсанбаеваны Азия ойындарының нағыз чемпионы деп санайтынын жеткізді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, пәтер спортшының алдағы Олимпиада ойындарына дайындығына қолдау болмақ.

Азиада-2026 жарысынан неге шеттетілді?

27 қыркүйекте Жапонияда өткен Азия ойындарында Ясмина Тоқсанбаева спорттық жүрістен мәреге бірінші болып жетті. Ол 42 шақырымнан астам қашықтықты 3 сағат 22 минут 20 секундта жүріп өтті. Нәтижесінде ең жақын қарсыласынан төрт минутқа жуық озып кетті.

Алайда қазақстандық спортшыға алтын медаль бұйырмады. Жарыстан кейін төрешілер оның аяқкиімін тексеріп, кроссовка үлгісі World Athletics ұйымы бекіткен рұқсат етілген аяқкиімдер тізіміне кірмейтінін анықтаған. Соның нәтижесінде спортшының көрсеткіші жойылды.

Қазақстан тарапы төрешілердің бұл шешімімен келіспеді. Федерация өкілдері Ясмина Тоқсанбаеваның аяқкиімі жарыс басталмай тұрып тексеріліп, қолдануға рұқсат берілгенін мәлімдеді. Оған қоса федерация спортшыға бірінші орын үшін берілетін ақшалай сыйақыны төлеуге уәде етті. Қазақстан тарапы шешімді Спорттық арбитраж сотында (CAS) қайта қаратуға ниетті.

Айта кетейік, 9 қараша күні Ясмина Тоқсанбаева президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен “Ерен еңбегі үшін” мемлекеттік медалімен марапатталды.

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 10 Қараша, 2026 11:14