Аяқ киім дауы: Қазақстан Ясмина Тоқсанбаеваның нәтижесі үшін апелляцияға дайындалып жатыр
Қазақстандық Ясмина Тоқсанбаева Азия ойындарында бірінші келді, бірақ алтын медаль ала алмады. World Athletics спортшының аяқ киімі жарыс талаптарына сәйкес келмегенін анықтаған. Енді Ұлттық Олимпиада комитеті тиісті федерацияларға шағым түсірмек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бәрі қалай басталды?
27 қыркүйекте қазақстандық спортшы Ясмина Тоқсанбаева Азия ойындарындағы спорттық жүріс жарысында бірінші болып мәреге жетіп, Қытай спортшыларынан озып шықты.
Жарыстан кейін World Athletics ережесіне сәйкес әйелдер мен ерлер арасындағы үздік үш спортшының аяқ киімі тексерілді. Тексеру барысында Тоқсанбаеваның аяқ киім үлгісі жарыстарда пайдалануға рұқсат берген модельдер тізімінде жоқ екені анықталды.
Осыған байланысты спортшының аяқ киімі суретке түсіріліп, тиісті ақпаратпен бірге World Athletics-ке ресми қорытынды алу үшін жіберілді. Халықаралық федерацияның жауабы шыққанға дейін марапаттау рәсімі кейінге қалдырылды.
World Athletics талабы қандай?
World Athletics-тің спорттық аяқ киімге қатысты талаптары халықаралық федерация кеңесінің 2026 жылы 19 наурыздағы шешімімен жаңартылып, 20 сәуірден бастап күшіне енген. Бұл ақпарат World Athletics-ке мүше барлық ұлттық федерацияларға жіберілген.
Жаңа ережелер күшіне енген соң олар жарыстың барлық қатысушысы үшін міндетті болды. Талаптарды бұзу спортшының нәтижесін жоюға негіз болуы мүмкін.
World Athletics кейін қазақстандық спортшы пайдаланған аяқ киім үлгісінің жарыстарда қолдануға рұқсат етілмегенін ресми түрде растады. Халықаралық федерацияның қолданыстағы ережесіне сәйкес, мұндай жағдайда спортшының нәтижесі жарамсыз деп танылады. Оған қоса жарыстың қорытынды хаттамасына өзгеріс енгізіледі.
Аичи–Нагоядағы Азия ойындарында бұл ереже бұған дейін де қолданылған. Жеті сайысқа қатысқан ирандық спортшы Мохитзаденің аяқ киімі де World Athletics мақұлдаған модельдер тізімінде болмаған. Соның нәтижесінде оның көрсеткіші жойылды.
Қорытынды хаттамаға өзгеріс енгізілген соң бұған дейін төртінші орын алған қазақстандық спортшы Алина Чистякова үшінші орынға көтеріліп, қола медаль иеленді.
Біздің тарап не істеп жатыр?
Оқиға белгілі болған сәттен бастап Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті World Athletics, Азия жеңіл атлетика қауымдастығы, Азия Олимпиада кеңесі және Қазақстанның жеңіл атлетика федерациясымен тұрақты байланыста жұмыс істеп келеді.
Қазірқазақстандық спортшыға қажет қолдау көрсету және апелляция беру мүмкіндігін қарастыру бойынша жұмыстар жүріп жатыр екен.
Жағдайға қатысты еліміздің Жеңіл атлетика федерациясы да үн қосты.
Федерация мәліметінше, World Athletics ұйымының жарыста қолдануға рұқсат етілген аяқ киімдер тізімінде ASICS бренді бар. Алайда Тоқсанбаева киген аяқ киімнің нақты моделі аталған тізімнен табылмаған.
Федерация маңызды жайтқа назар аударды: Ясминаның аяқ киімі жарыс басталғанға дейін тексеріліп, спортшыға сол аяқ киіммен жарысқа қатысуға рұқсат берілген. Осыған байланысты Қазақстанның Жеңіл атлетика федерациясы қабылданған шешімге наразылық білдіріп, шағым түсірген. Федерация бұл жағдайдағы өз жауапкершілігін де жоққа шығармайтынын айтты.
“Біз үшін Ясмина – чемпион. Федерация оны қолдауды жалғастырады. Біздің жіберген шағымымыз бен наразылығымыздың нәтижесіне қарамастан, чемпионға тиесілі барлық сыйақы Федерацияның өз қаражаты есебінен толық көлемде төленеді”, – делінген ресми мәлімдемеде.
Айта кетейік, бұған дейін Ясмина Тоқсанбаева Азиядада аяқ киімнің кесірінен алтыннан айырылғаны туралы жазған едік.
"Алты қыздың ішіндегі жалғыз бала": Жамбыл облысында 14 жастағы оқушы мұғаліммен даудан кейін өлі табылды
